АҚШ астанасында сакура гүлдеп, Капитолий маңы алқызыл гүлге оранды. Жергілікті жұрт шие ағаштарының бүршік атуы көктемнің келгенін білдіреді дейді. Әсем көріністі америкалықтармен қатар тамашалаған меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлының материалы.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Бұл Капитолийден басталып Ақ үй жалғап Потомак өзеніне дейін созылып ат шаптырым аумақты алып жатқан саябақ. Көктемнің дәл осы шағы ерекше құлпыратын сәті. Алқызыл түстерге боялған сакура ағаштары көздің жауын алып, жүз мыңдаған адамды еріксіз осы жерге тартады.
Скрипканың сарыны сакураның әсемдігіне одан бетер әр бергендей. Табиғаттың осынау керемет сәтін қалт жібермеуге ұмтылған қала тұрғындары мен туристерде есеп жоқ. Бірнеше күннен бері саябаққа ағылып жатыр. Себебі, бұл шие ағаштарының толық бүршік жарған шағы. Ғажайып құбылысты есте қалдыру үшін жас та жасамыс та суретке түсіріп әлек.
Ива Фантайм, АҚШ азаматы:
Мен үшін бұл жылдың ерекше кезі. Жыл сайын арайы келем. Мұндағы сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемнің жеті кереметінің қатарына қосылатын жер дер едім.
Вашингтон жұрты мақтана көрсететін саябақтың жұмыс істеп тұрғанына бір ғасырдан асқан. 1912 жылы Токио мэрі АҚШ пен Жапония достығының белгісі ретінде үш мыңнан аса шие ағашын сыйға тартыпты. Содан бері сакураның гүлденуін тамашалау дәстүрі үзілмей келеді.
Кейске Хаят, АҚШ азаматы:
Мен өзімді бақытты сезініп тұрмын. Бұл таза жапондық дәстүр. Менің ұлтым жапон. Осы қалаған іс сапармен келгем. Бизнес кездесуімді аяқтаған бойдан осы жерге асықтым.
Күн жылынып, шие ағаштары биыл бір апта ерте бүршік атқан. Алқызыл бояулы көрініс әдетте екі аптаға дейін созылады. Бірақ, қатты жел тұрып, жаңбыр жауса, сакураның нәзік гүлдері тез түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан бірнеше күннен бері нөпір көлік пен жол кептелісіне қарамастан осы баққа асыққан адам қарасы көп.
Жалғас Сәдібекұлы