1-сәуірден бастап таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға тыйым салынады. Кәсіпкер тауарды цифрлық таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне тіркеп, оның қайда және неден жасалғанын енгізу қажет. Яғни тауар туралы толыққанды ақпарат көрсетуі шарт. Заңдағы бұл өзгеріс отандық кәсіпке қаншалықты қажет? Бизнес өкілдері бұған не дейді?
Сәуірден бастап сатып алушылар мобильді қосымша арқылы аяқ киім қорабындағы къюар кодты сканерлеп, тауар туралы толыққанды мәліметті ала алады. Тұтынушы үшін тиімді. Бірақ, кәсіпкерлер «таңбалау енгізілсе, тауар бағасын көтеруге мәжбүр боламыз. Ал бұл сауда-саттықтың азаюына әкеледі»,- дейді.
Сапарәлі Пердебаев, кәсіпкер:
Мына аяқ-киімге мен касса бағасын 20 мың қойғам. Мұны 20 мыңға ешкім алмайды. Амалдың жоғынан 15-16 мың теңгеге сата алам. Үстінен көретінім 2 мың теңге. Оптом бағасы 13 мың теңгеден келеді. Егер мына аяқ киімді таңбалайтын болсақ, бұл аяқ киім бағасы 25 мың теңге болады. Ал мен таңбалап сата алмаймын. Өйткені, маған қарапайым халық, клиент керек.
Толқын, кәсіпкер:
Баяғыдай сауда жоқ, вообще. Әйтеуір, сатқанымыз күнделікті күнкөріс. Бәріміздің арендамыз бар. Бәріміздің кредитіміз бар.
Десе де, жауапты министрлік өкілі таңбалау үрдісінің өнім бағасына еш әсер етпейтінін жеткізді. Әр аяқ киімді цифрлық таңбалауға 3 теңгеге дейінгі сома ғана жұмсалады. Мұның өзіне мемлекет тарапынан субсидия бөлу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Ал, таңбалаудың себебін былай түсіндірді.
Қайсар Шалабаев, ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:
Оның себебі, статистикалық көрсеткіштер болды. Біріншіден, ресми көрсеткішке жүгінетін болсақ, Қазақстан аяқ-киімдік сауда-саттықтың көлеңкелік үлесі 48 пайызды құрайды. Яғни, әрбір екінші жұп аяқ киім ол Қазақстанға заңсыз кіргізілген. Оның көп салдары Қытай мемлекеттерінен кіріп отыр.
Қытай кеден қызметінің 2021 жылы жүргізген статистикалық дерегіне сәйкес, аяқ киім экспортының үлесі отандық дерекпен салыстырғанда, 2 есе көп шыққан. Бұл шамамен 780 миллион АҚШ долларына тең. Дегенмен жаңа талапқа сай тауардың бұл түрін таңбаламаған кәсіпкерге айыппұл салу жауапкершілігі әзірге көзделмейді. Барлығы кәсіп иелерімен өзара мәмілеге келу арқылы шешіліде деді.
Назым Қайрат