Қызылорда облысында төрт бірдей спорт кешенінің құрылысы мерзімінде аяқталмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында төрт бірдей спорт кешенінің құрылысы мерзімінде аяқталмады

20.03.2023

Қызылорда облысында төрт бірдей спорт кешенінің құрылысы мерзімінде аяқталмады. Мәселен, былтыр Жалағаш пен Қармақшы аудандарында жаңа спорт нысандары ел игілігіне берілуі тиіс еді. Бірақ, мердігерлер міндетін орындауға асығар емес. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жалағаш кентінде жаңадан бой көтерген спорт кешеннің қазіргі сиқы мынау. Айналасында құрылыс қалдықтары шашылып, ұсқыны қашып тұр. Қазір мұнда тірі жан жоқ. Нысан қараусыз қалған. Тіпті, құрылыс жұмыстары қашан аяқталатынын дөп басып ешкім айта алмай отыр.

Спорт кешенінің айналасында қазір мал жайылып жүр. Құрылысы 400 миллион теңгеге бағаланған нысан былтыр күзе пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ, мердігер компания бөлінген қаржының басым бөлігін алғанымен, істелмеген жұмыс көп. Қоғам белсендісі Ләззат Бақтыбаева әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісім-шартта да шикілік көп дейді.

Ләззат Бақтыбаева, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі:

Негізі мердігердің Қызылорда облысы бойынша аяқсыз қалдырған бірнеше оның ішінде екі осындай спорт кешеннің бар екені анықталып отыр. 1,5 жылдан аса уақыт өтіп отыр. Әкімдік тарапынан да бұл жерде жұмысты мерзімінде талап етпеу фактілері негізсіз 4 рет келісім-шартты қосымша шартпен созу мәселелері де электрондық порталмен анықталып отыр.

Жалпы нысанға барлық құрылыс материалдары түгел жеткізілген. Алайда оны істейтін жұмысшы жоқ. Жергілікті әкімдік жауапты компанияның өкілдерін таба алмай, ақыры сотқа жүгінген.

Арнұр Нұрмағамбетов, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:

Сотқа талап арыз берілді. 30 қаңтар күні сот шешімі шықты. Айыппұл өндіру және мердігерді өз жұмыстарын толық аяқтауға міндеттеу туралы. Қазір сот шешімін алдық. Енді жұмыс жасаймыз мердігермен.

Дәл осындай спорт кешені Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде бой көтеріп, былтыр аяқсыз қалды. Бірақ, биыл мердігер құрылысты қайта жандандырыпты.

Қанат Тілеуқабылов, учаске басшысы:

Енді бітіру мерзімін осы айдың аяғында тапсырамыз деген толық жоспар бар. Қазір іште 25-28 адам жұмыс жасап жатыр. Олар сырттың материалдары келем дегенше іштің жұмысын бітіреді. Сосын барлық жұмысшы сыртқы жұмыстармен айналысады.

Жалпы облыс бойынша Арал, Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы төрт спорт кешеннің құрылысы мерзімінде аяқталмай тұр. Жергілікті әкімдіктердің әрекетсіздігінен мердігерлер жұмысына салғырт қарап отыр дейді қоғам белсенділері.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу