Маңғыстау мен Батыс Қазақстан халқы сайлауға қазақи киіммен барса, түркістандық шабандоздар салт атпен жетті. Таразда ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Ал Шымкентте сайлау учаскісіне келген тұрғындар үшін ақ дастархан жайылып, саяси науқан нағыз мерекеге айналды. Тараздағы №28 сайлау учаскесі. Іште дауыс беріп жатыр, ал сыртта спорттық ойындар сайысы қызып тұр. Өз таңдауын жасауға келген жас та, жасамыс та жарысқа қуана қатысты. Көпшілік асық ату, қол күресі мен дойбы ойнаудан сынға түсті.
Тұрар Жапаров, Тараз қаласының тұрғыны:
Сайлауға дауыс беруге келдім. Өз қалауымды жасауға келдім. Бір жағынан жастармен дойбы ойнап жатырмын.
Ал мынау көкпаршылардың жаттығудан шыққан беті. Түркістан облысының Шақпақ ауылындағы құрама команда сайлау учаскесіне бірге келді.
Шымкенттегі Ынтымақ және Нұршуақ шағын аудандарының тұрғындары бүгін сайлау учаскесіне ауыл-аймағымен түгел келді. Барлық іске жұмыла кірісетін жұртшылық саяси науқанда да бірлік танытты. Дауыс беріп болған соң тұрғындар Наурыз мерекесін тойлауға кірісті. Ақ дастархан жайылып, балалар асық атып, арқан тартты.
Нұрлан Өтепбергенов, Шымкент қаласының тұрғыны:
Мынау бүгінгі сайлауымызға бәріміз қатысып келіп, Наурызды өткізіп жатырмыз. Қазақстан елін көтеру үшін бәріміз ат салысайық.
Батыс Қазақстанда Сырым ауданына қарасты Өлеңті ауылында ақ жаулықты аналар дауыс беруге ұлттық киіммен барды. Ауыл келіндерінің дені көпбалалы аналар.
Кәмила Мұңалқызы, Баянды ауылының тұрғыны:
Киімдерімізді, ұлттық нақыштарымызды біз әрдайым кішіге үлгі етіп, үлкендерден өнеге алған ауылмыз. Болашақта үлкен үміт күтеміз. Еліміздің тыныш болғанын, көп жақсылықтар болғанын қалаймыз.
Маңғыстау облысындағы Баянды ауылының тұрғындары да сайлау учаскелеріне қазақи киіммен барды. 8 мың тұрғыны бар елдімекенде сайлаушыларға шұбат пен бауырсақ ұсынылды.
Эльмира Кәленова