Көкшетауда жұмысшылар дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жұмысшылар дауыс берді

19.03.2023

Көкшетау қаласында түнгі ауысымнан шыққан коммуналдық мекеме ұжымы түгелдей сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасады. «Жұмыс қауырт болса да, саяси науқанға қатысуды өзіміздің азаматтық борышымыз деп білеміз»,-дейді олар.

Осындай ұстанымы айқын жандардың бірі- Гүлбахрам Әниева. Ол түні бойы жұмыс істеп, қолы босай салғанда үйіне де бармай, бірден сайлау учаскесіне бет алған.

Гүлбахрам Әниева, жұмысшы:

Жұмысымыздың көптігіне қарамастан, уақыттың тығыздығына қарамастан өзіміздің азаматтық позициямызды көрсетіп, келіп отырмыз. Өзіміздің жарқын болашағымыз үшін, Қазақстанымыз үшін. Балаларымыздың , немерелеріміздің болашағы үшін осындай іс-шараға қатысып жатырмыз.

Мұнайшылар дауыс берді

Ал Атырау облысында мұнайшылар дауыс берді. Аймақта вахталық әдіспен 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 18 мыңы Теңізде, ал 3000-ға жуығы Қашаған кен орнынның Батыс Ескенеде орналасқан құрлық нысанында.

Гүлшат Наурызбекова, мұнайшы:

Жұмысты тоқтатқанымыз жоқ. Кезекпен тұрамыз. Сайлауға үлкен үмітпен келеміз. Қазақстанымыздың жарқын болашағына сенімділікпен келіп отырмыз, үлкен жауапкершілікпен.

Жас жұбайлар дауыс берді

Жамбылда жаңа үйленген жас жұбайлар да дауыс берді. Неке қиятын күні саяси науқанға қатысуды құп көрген қос ғашық №46 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.

Әбілмансұр Әбиірбек, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз негізі сайлау күніне түсу белгісіз болатын негізі ол кезде. Осы өзі өз уақытымен кеп тұрған сәт шығар. Бүгінгі біз үшін өте ерекше. Осы күні үлкен қадам басып, отбасы болып, бүкіл елден қалмай халықтан қалмай дауыс беріп жатырмыз.

Семей қаласында да жаңадан отау құрған жас жұбайлар дауыс берді. Отбасылық өмірге енді аяқ басқан жастар «еліміз үшін аса маңызды шарадан ешкім қалыс қалмауы тиіс»,-дейді.Олар барлығын алдын ала жоспарлап, үлкендердің батасын алғаннан кейін бірден сайлау учаскесіне бет алған.


Хабарламаларға жазылу