Алматылық өнер майталмандары сайлауда белсенділік танытып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық өнер майталмандары сайлауда белсенділік танытып жатыр

19.03.2023

Алматылық өнер майталмандары да саяси науқанда белсенділік танытып жатыр. Мәселен, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегенова үйден дауыс берсе, аңыз тұлға Асанәлі Әшімов ауруханада жатып, азаматтық борышын өтеді. Ал Роза Рымбаева сайлау учаскесіне қос ұлымен бірге барды. Өнер саңлақтарының сөзінше, бүгінгі сайлау үлкен мән-мағынаға ие.

93 жастағы күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова дауыс беретін сәтті тағатсыздана күтіп отыр. Міне, көшпелі сайлау комиссиясының мүшелері әйгілі әншінің үйіне келіп, гүл шоғын табыстады. Аңыз тұлға таңдауын жасады әрі көпшілікті осындай айтулы күнде ауызбіршілікте болуға шақырды.

Бибігүл Төлегенова, КСРО және Қазақстанның халық артисі:

Сайлау деген осы мемлекетте тұрған әр адамның міндеті ғой. Қалайша өз мемлекетіңде тұрып, соның барлық жақсылығын көріп оған көмектеспейміз. Сондықтан бүгінгі сайлау, бүгінгі сайлаған депутаттарымыздың барлығына кәміл сенемін.

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық артисі Асанәлі Әшімов те өз таңдауын жасады. Бұл жолы танымал тұлға әдеттегідей сайлау учаскесінен емес, өзі ем қабылдап жатқан ауруханадан дауыс берді. Сырқаттанғанына қарамастан, сайлау науқанынан қалыс қалмауды шешкен.

Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:

Бүгін мейрам, наурыз мейрамы өтіп жатыр. Жақсы айда сайлау жүріп жатыр. Халық үшін үлкен мағыналы, мәнді жағдай. Парламентке жастар кіріп жатыр. «Жас келсе іске» деген бар. Мен жастарға сенемін.

Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева үшін де бүгін – маңызды күн. Сайлау учаскесіне қос ұлы – Әли, Мәдимен бірге келді. Өнерлі отбасы өз таңдауын жасап, дауыс берді.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық артисі:

Биылғы сайлауға үмітіміз зор, сеніміміз бар. Себебі, жаңа құрам жиналып жатыр. Жаңа энергиясы мол бүгінгі күннің білімімен өскен жастар сайланып жатыр. Біздің жастарымыз алдағаы уақытта барлық күш-жігерін, энергиясын, білімін, осы біздің Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне еңбек етсе екен деп, сондай сенімменен біз дауыс беріп жатырмыз.

Сайлау учаскелерінде өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерттер өтті. Ұлыстың ұлы күніне орай сайлаушыларға Наурыз көже мен өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу