Қазақстан азаматтары үшін 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан азаматтары үшін 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі ашылды

19.03.2023

Қазақстан азаматтары үшін 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі ашылды. Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында орналасқан учаскелерде бүгін 15 000-ға жуық отандасымыз дауыс беруі тиіс. Еуропа елдерінің басым бөлігінде сайлау учаскелері осыдан бір сағат бұрын ашылды. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Біз еліміздің Бельгиядағы елшілігінде орналасқан нөмірі 241-сайлау учаскесіндеміз. Әнұранымыз шырқалып, жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де, яғни бір сағат бұрын сайлау учаскесі салтанатты түрде ашылды. Отандастарымыз дауыс беріп жатыр. Бүгін осы жерден дауыс беруге 200-ге жуық Қазақстан азаматы тіркелген. Дені – дипломаттар, студенттер мен осында жұмыс бабымен жүрген қазақстандықтар. Бельгия мен Люксембургта іс-сапарда жүрген жерлестеріміз де кешкі сағат 20:00-ге дейін осы жерге келіп, өз таңдауын жасай алады. Денсаулығына байланысты елшілікке келе алмайтын азаматтарға жылжымалы жәшіктерді қолдану арқылы көшпелі сайлау ұйымдастырылады. Оған жәшіктер сақадай сай тұр. Әзірге үйде дауыс беру туралы өтініш түспеген.

Абай облысында жастар белсенді дауыс беріп жатыр

Ержан Жақып, тілші:

Абай облысында қазір саяси науқан қызу жүріп жатыр деп айтуға негіз бар. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, түске дейін тұрғындардың 50 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді. Біз тұрған № 93 сайлау учаскесіне де халық көптеп келіп жатқандығын байқауға болады. Әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары. 

Мерей Сырымұлы, студент:

Сайлауға осымен үшінші рет қатысуым. Достарым, таныстарым бұл процестің маңыздылығын түсінеді. Жауапкершілігін сезінеміз. Бұл – елдің болашағы. Біз жай ғана дауыс беріп жатқан жоқпыз, болашаққа таңдау жасап жатырмыз деген ойдамын. Сондықтан, барлық тұрғындарды шет қалмай келіп, таңдауларын жасауға шақырамын!

Ержан Жақып, тілші:

Абай облысы бойынша 478 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 416 мыңнан астам сайлаушы бар. Бүгін қаланың әр ауданында түрлі мерекелік шара ұйымдастырылған. Мәселен, кейбір сайлау учаскелеріне келгендерді наурыз көжемен, ыстық бауырсақпен қарсы алып жатқандар бар. Әр жерде шағын концерттер, көрмелер де ұйымдастырлған. Сондай-ақ, қалада бүгін қоғамдық көлікпен жүру тегін. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу