Қызылорда облысында 373 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Олардың ашылғанына 1 сағаттай уақыт өтті.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Демалысқа қарамастан ел үшін саяси маңызды күні ерте келіп, өз таңдауын жасап жатқан тұрғындар баршылық. Мәселен, 263-ші сайлау учаскесіне келушілер ең әуелі наурыз мерекесін сезініп, тамаша көңіл-күйге бөленуде. Аулаға арнайы киіз үй тігілген. Күйшілер ансамблі өнер көрсетіп, домбыраның үні рухты көтеріп тұр. Ал қазанда наурыз көже пісіріліп, азаматтар ыстық бауырсақ, қымыз, шұбат секілді ағарғаннан дәм татуда. Сондай-ақ, ең бірінші келген дауыс берушілерге сайлау учаскесі атынан кәдесыйлар табысталды.
Жалпы, аймақта 486 мыңдай азамат дауыс беру құқына ие. Ал сайлаудың барысын бақылауға сенімді өкілдер мен қоғамдық ұйымдардан 7 000-ға жуық байқаушы тіркелген. Бұдан бөлек, шет елден келген 12 халықаралық байқаушы Сыр өңіріндегі сайлау учаскелерінің жұмысын бақылап жүр.
Әділбек Серікұлы