Қазақстандықтар 2022 жылы Түркиядан ең көп баспана алған 5 елдің қатарында. Мұндай мәліметті Түркия статистика басқармасы таратты. Ақпаратқа сай өткен жылы отандастарымыз түрік елінен 2702 пәтер сатып алған. Қазақстандықтар үйді негізінен Анталия мен Ыстамбұл қалаларынан таңдапты.
Ал Түркиядан ең көп үй алған елдердің басында Ресей тұр. Көрші елдің азаматтары 2022 жылы Анадолыдан 16 мыңнан аса пәтер алған. Одан кейін Иран, Ирак және Германия азаматтары. Статистика бойынша, қазақстандықтар ең көп пәтерді маусым айында алған. Бір айда 318 үй.
Жалпы Қазақстан азаматтарының Түркиядан баспана алу тенденциясы 2020 жылғы пандемия тұсында басталған. Мамандар бұған сол тұстағы баспана бағаларының төмен болуы әсер етті дейді.
Емре Алтай, Құрылыс және риелторлық қызмет көрсету компаниясы басшысының орынбасары:
Біздің жаңа салынып жатқан тұрғын үйімізде сатып алушылардың 75 пайызы шетелдіктер. Оның ішінде ең көп Ресей, Қазақстан және Өзбекстан азаматтары бар. Жалпы соңғы екі-үш жылда пәтерлерді жалға алу үшін де, сатып алу үшін де шетелдіктерден сұраныс өте жоғары. Мысалға қазір біз салып жатқан жобаның іргетасы ғана құйылды, соған қарамастан пәтерлердің 50 пайызы сатылып кеткен.
Дегенмен Түркияда биыл ақпан айында болған қуатты жер сілкінісінен кейін шетелдіктерден баспана алу қарқыны төмендеген. Статистикалық мәліметтерге сай өткен ақпан айында қазақстандықтар 133 пәтер алыпты. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі есеге аз.
Айдос Әшімұлы