Ақтөбе облысының Қобда ауылында суға кеткен үйлер саны 50-ден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Қобда ауылында суға кеткен үйлер саны 50-ден асты

15.03.2023

Ал Ақтөбе облысының Қобда ауылында суға кеткен үйлер саны 50-ден асып, жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Мұндағы үйлердің көбі тұруға жарамсыз болып қалған. Дүние-мүлік бүлінген. Ал, су тимеген тұрмыстық техника мен көрпе-төсектерді тұрғындар құрғақ жерге шығарып жатыр. Эвакуацияланған 100-ге жуық адам қазір туыстарының үйінде. Бүгін ауыл ішіндегі су деңгейі сәл түскен. Өйткені өткен түні ауа температурасы минус 10-ға дейін төмендеді. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері енді жақын маңдағы өзендерді бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ, бүгін түстен кейін Саралжын ауылы маңында судың көп жиналуынан Қобда - Ойыл тас жолы уақытша жабылды.

Құмар Тұрмағамбетов, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

Далалықтан келетін су су өткізу құбыры арқылы Қобда өзеніне құйылуы керек. Енді қазір мәселе былай болып тұр – егер Қобда өзені қатты көтерілсе, ол су қайтып айналып ауылға кіруі мүмкін. Ол да назарға алынды. Әр жерден метка қойылды. Су деңгейін бақылау үшін.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу