Президент Анкараға жұмыс сапарымен барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Анкараға жұмыс сапарымен барады

15.03.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға жұмыс сапарымен барады. Мұнда ертең Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтеді деп жоспарланған. Ауқымды шараға ресми Анкара қызу дайындық жүргізіп жатыр. Саммитте бауырлас елдердің басшылары апат пен түрлі төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету, бір-біріне қол ұшын беру, гуманитарлық көмек жеткізу секілді мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ, табиғи апаттарға қарсы бірлесіп күресу жайы пысықталмақ. Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркия мүше. Ал Мажарстан, Түркіменстан мен Солтүстік Кипр бақылаушы елдер. Бұдан бөлек, сапар барысында мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесу өткізеді деп жоспарланған.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу