Ақмола облысының Зеренді ауданында бір күнде 30 ауыл жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Зеренді ауданында бір күнде 30 ауыл жарықсыз қалды

10.03.2023

Ақмола облысының Зеренді ауданында бір күнде 30 ауыл жарықсыз қалды. Себебі электр желілері әбден тозып тұр. Ал оларға иелік ететін жеке компания ешқандай шара қабылдамай отыр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Рауза Әсенованың үйінде жарық бір күн болса, екі күн жоқ. Кейуана 70-ке таяған шағында кірді қолымен жуып, тамақты пешке пісіруге мәжбүр. Қайда барып, кімге шағымданарын да білмейді.

Рауза Әсенова, Зеренді ауылының тұрғыны:

Келін бала жұмыста. Өзім кір жуайын десем свет өшіп қалады. Бірнәрсе істейін десем болмай қалады. Холодильник еріп, әрі бері далаға шығарып жүреміз.

Зеренді ауданында жарықтың жиі сөнуінен тұрғындар әбден зәрезап болған. Тура екі күн бұрын қатты желдің кесірінен 30 ауыл электр энергиясыз қалды.

Бекзат Күлмағамбетова, Зеренді ауылының тұрғыны:

8 наурыз әйелдер мейрамын светсіз қарсы алдық. Ылғи, міне, барлығы арызданып жатыр. Свет әрдайым сөніп қалады. Жел болса, жел болмаса да сөнеді.

Аудандағы 170-тен астам трансформатор мен 800 шақырымнан астам электр желісі жеке компанияның меншігінде. Бірақ, жарық өшсе тұрғындар әкімдікке шағымданады. Сондықтан, жергілікті билік апат болса басқа мердігерлерді шақыруға мәжбүр.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Жеке компанияның иелегіндегі 10 мың вольттық трансформаторлардың бірі міне осы. Ауылдың қақ ортасында тұрған ескі электр қондырғысының айналасында ешқандай қоржау жоқ. Демек, тұрғындар үшін қауіпті.

Аудандағы энергетикалық кәсіпорын тозып тұрған электр желілерін өз балансына алғысы жоқ. Ал жеке компания бұл салаға қаржы салғысы келмейді. Сұхбат беруден де бас тартты. Аудан әкімдігі олармен үш жылдан бері соттасып жатыр.

Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:

Енді ол кәсіпорынның мүлкі ғой. Біз заңнамаға сәйкес ешқандай іс-әрекет істеуімізге болмайды. Ол жағынан мүмкіндігіміз шектеулі.

Электр желілерінің әбден тозуына байланысты Зеренді ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Бұл жергілікті бюджеттен желілерге қаржы бөлуге мүмкіндік береді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу