СҚО-да ауыл тұрғындары көлдің суын ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ауыл тұрғындары көлдің суын ішіп отыр

10.03.2023

СҚО-ғы Белое ауылы тұрғындарының көрген күні осы. Көпшілік жауған қарды ерітіп ішіп отыр. 600 млн теңгеге тартылған құбыр неге іске жарамсыз болып қалды?

Солтүстік Қазақстандағы Белое ауылының тұрғындары көл суын ішуге мәжбүр. Қарды ерітіп, асқа пайдаланып отырғандар да бар. Былтыр қазынадан 600 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, аудан орталығынан құбыр тартылды. Бірақ, таза суға қарық болған ешкім жоқ. Әріптесім Эльмира Кәленова мән-жайды анықтады.

Ерітеміз, содан су ішеміз. Сондай мехнатпенен жүріп жатқан біздің ауылдағы адамдардың жайы бар.

Ислам ақсақал қолы қалт етсе, үйге қар тасумен болады. Бір шелек ақ ұлпадан 1,5 литр су шығады. Оны еріту үшін күні бойы пеш жағады.

Ислам Омар, Белое ауылының тұрғыны:

Еріген суды мінеки осылай құйып аламыз, оның орнына сосын қайрадан қар саламыз. Сонда біз күні бойы қарды 10 шелек әкеліп, ерітеміз. Біздің ішетін суымыз осы, мінеки, көрдіңіздер ме?

Былтыр елдімекенге аудан орталығынан 21 шақырым құбыр тартылған. Суды үйге кіргізу үшін тұрғындар 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қосымша ақы да төлеп қойған. Несие рәсімдегендер бар. Ал әкімдік уәде еткен ауыз су әлі күнге жоқ.

Ақан Жетеев, Белое ауылының тұрғыны:

Мамлютке барсақ, Қызылжар қаласына барсақ, суды алып келемін, ішетін суды, таза. Мынаның ішінде ондай су жоқ ішетін, анау локольный источник дейді, оның ішіндегі су – тұзды. Қираса, біразға дейін тұрады. Көп жұрт осыдан көлдің суын ішіп жатыр.

Тіршілік нәрін сырттан тасып ішеуге бәрінің шамасы келе бермейді. Ауылда су торабы бар. Нысанның жұмыс істегенінен жабық тұрғаны көп.

Эльмира Кәленова, тілші:

Тұрғындарды әзірге осы көк трактор ғана құтқарып тұр. Аптасына екі рет су әкеліп, мынадай ыдыстарға құяды. Көпшілік көлден келген тіршілік нәрінің әр тамшысын үнемдейді. Себебі осы суды асқа да, жуынуға да, мал суару және басқа да қажеттіліктеріне пайдаланады.

Көршілес Чистое және Щучье ауылдары да тіршілік нәріне зәру. Мына көлден адам да төрт түлік те су ішеді.

Әділхан Разиев, Белое ауылдық округінің әкімі:

Суды қосып, тексере келгенде ана жерден су ағады, мына Жерден су ағады. Сол тағы да жұмыстардың көбеюімен, үлгермей қалды. Қазіргі күні 100 пайыз барлық жұмыстар бітті. Бірінші ішін жуамыз, дезинфекция, хлорирование, солардың бәрін жасап, сосын халықтың үйлеріне бере бастаймыз.

Өңірдегі 226 елдімекенде сапалы ауыз су мүлдем жоқ. Бұл ауылдарда облыс тұрғындарының 30 пайызға жуығы өмір сүріп жатыр.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу