Тоққа түскен баланың отбасына 30 млн теңге өтемақы беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоққа түскен баланың отбасына 30 млн теңге өтемақы беріледі

10.03.2023

Батыс Қазақстан облысында трансформатордағы токқа түсіп, екі қолынан айырылған баланың отбасына 30 млн теңге өтемақы төленеді. Сот Жаңақала аудандық электр станциясының бұрынғы басшысы Бауыржан Бигалиевті кінәлі деп танып, екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған өз қызметіне салғырт қараған деген айып тағылды.

Былтыр мамырда Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында бес жасар Аманжол Орынбекұлы тозығы жеткен қоршаудың саңылауынан өтіп, трансформатордың құлыпсыз есігін ашып, токқа түскен. Дәрігерлер оның күйіп кеткен екі қолын иығынан кесуге мәжбүр болды. Балаға әлі ұзақ ем-шара, оңалу керек. Алайда Бауыржан Бигалиев кінәсін мойындамады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Әсел Айтжанова, Аманжолдың анасы:

Балаға протезге 35 млн теңге талап еттік, екі протездің ақшасын. 30 млн теңге төлейтін болды мекеме. Біраз жүрдік, 8 айдай жүрдік. Чапайға бардық, телефон арқылы сотқа онлайн қатыстық. Жеті жасында бір жасалады, 12, 16-да жасалады, үш-төрт протез жасалады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу