Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен БҚО-ға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен БҚО-ға барды

09.03.2023

«Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз». Оралдағы еңбек адамдарымен кездескен Президент осылай деді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Орал және Ақсай қалаларындағы өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, қоғам өкілдерімен пікір алмасты.

Президент алдымен Оралдағы машина жасау зауытына барды. Кәсіпорын 50 жыл бұрын арнайы техника шығару үшін құрылған. Ал 2003 жылдан бері мұнай-газ өндірісіне қажет өнім шығарады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл зауытта кейінгі 20 жылдан бері энергетика саласына арналған қондырғылар өндіріледі. Осы уақыт аралығында 381 мынадай пеш пен 417 сыйымдылық шығарылған.

Азамат Битурин, «Батыс Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ Бас директоры:

Біз жылына 50 дана пеш істей аламыз, әртүрлі қуаттылығы бар және сол шамада үлкен сыйымдылығы үлкен құтыларды жасаймыз.

Бірақ былтыр өндіріс көлемі 16 жарым пайызға кеміген. Бұл негізінен экспорттың азаюымен байланысты дейді компания өкілі.

Ақылжан Ахметов, «Батыс Қазақстан машина жасау зауыты» АҚ өндіріс басшысы:

Өндіріс көлемінің төмендеуіне бір себеп – тапсырыстың болмауы. Екіншіден, тендерден ұтылып қалсақ, бізде өндіріс көлемі түседі. Біздің тапсырыс берушілер бізге тіке, бірден тапсырыс бере алмайды. Біздер сияқты зауыттар қатысады және кішкентай, өндірісі жоқ деп айтсақ болады кейбір мекемелер де қатысып, тендерден ұтып кетіп жатады.

Сондықтан, компания басшылығы, отандық кәсіпорындарға бірнеше жылға кепілдендірілген тапсырыс алу мүмкіндігін беру керек деген ұсыныс айтты. Зауыт ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суаратын машиналар өндіруді де жоспарлап отыр.

Былтыр біз ҚазТрансГаз компаниясына мультивендорлық сервис орталығын құру туралы ұсыныс жасадық. Сонда кез келген өндірушінің газ турбиналарын Қазақстанда жөндеуге мүмкіндік аламыз. Иә, дұрыс.

Мемлекет басшысы жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Әрі мұнай-газ және энергетика салаларында отандық өнімнің үлесін арттыру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» мәдениет сарайына барып, өңірдің тарихи-шығармашылық мұраларына арналған көрмені тамашалады. Сосын аймаққа еңбегі сіңген азаматтармен кездесті. Олардың арасында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген әртүрлі сала мамандары мен оқыс оқиғалар кезінде белсенділік танытып, азаматтық үлгі көрсеткен кісілер де бар.

Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

Бабалар рухымен жастар тәрбиеленіп жатыр дейміз. Бүгін бізге керегі - бейбітшілік, тыныштық, елдің бірлігі. Кешегі сол ата-баба айтқан сөздерді айтып елде отырмыз. «Бағаламасаң бақ тұрмайды, қуанбасаң құт қонбайы, табына білмесең әулиеге жарымайсың, бағына білмесең басшыға жарымайсың» деп айтып кетті бізге, кешегі қаламгер ағалар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыстың әлеуеті зор. Елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осындай кезеңде біз үшін ең құнды нәрсе – бейбітшілік. Осы жолда бәріміз бір ел болып еңбек етсек, ешқандай кедергі болмайды. Бірлігіміз бекем болса, тосқауылдың бәрін еңсереміз.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысқан ғалымдарға, жастар мен еңбек адамдарына қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сәрсенбек Монтаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университетінің профессоры:

Біздің ғылыми жобалардың жаңашылдығы 15 инновациялық патентпен қорғалды және де қазір ғылыми нәтижелеріміз копус базасына кіретін шетелдік журналдарда жарияланды. Соның нәтижесінде АҚШ мемлекетіне сарапшылар дайындаған әлемге ең беделді белгілі ғалымдардың 2 процент топ-рейтингіне кірдім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен өзім арнайы кеңесті құрдым. Әсіресе, жас ғалымдарды шақырамыз жұмысқа. Өте керек нәрсе. Мен өзім жалпы ғылым дегенді жақсы көремін. Ғылым саласындағы жұмыспен жүрген адамдарды қолдаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резерві әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастағанына да тоқталды. Ал кездесуге қатысқан жергілікті тарихшы Жаңабек Жақсығалиев «Қарапайым еңбек адамының үлгісі қазақтың табиғатымен қабысатынын» айтты.

Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы:

Біз «еңбек – қоғамның қозғаушы күші» дейміз, «еңбек бәрін жеңбек» дейміз. Мысалы, жаңа кездесуде, әңгімелерінен тыңдап отырмыз көптеген қарапайым адамдар өздерінің жасап жатқан ізгілік, қайырымдылық істерін, қарапайымдылығынан фейсбукте немесе БАҚ-та жарнамалауға қарсы болып жатады.

Мемлекет басшысы соғыс ардагері Иван Гапичтің үйіне барып, 100 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Иван Гапич 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алған. Майдан даласында Польша, Чехословакия мен Украинаны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында еңбек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жасқа жету екінің бірінің маңдайына жазылмайды. Оның үстіне сіз Ұлы Отан соғысына қатыстыңыз. Біз майдан даласында болған соғыс ардагерлеріне зор құрметпен қараймыз. Соғыстан кейінгі жылдары елге оралып, прокуратура органдарында еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қостыңыз.

Иван Гапич, соғыс ардагері:

Үйіме қош келдіңіз. Облыста сыйлы адамдармыз. Жергілікті басшылық бар құрметін көрсетіп келеді. Ризамыз. Сізге алғыс білдіреміз.

Президент 96 жастағы жергілікті өлкетанушы, мәдениет қайраткері Жайсаң Ақбаймен де әңгімелесті. Ол көп жыл осы аймақтың білім және мәдениет салаларын дамытуға еңбек сіңірген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Cіз Қазақстан үшін... Сіздің еңбек жолыңыз – көпшілікке үлгі-өнеге. Партияда, мемлекеттік қызметте еңбек еттіңіз. Отандық мәдениет саласын дамытуға елеулі үлес қостыңыз. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін.

Данияр Қайыртай, тілші:

Облыстың тыныс-тіршілігімен танысқан Президент аймаққа көбірек көңіл аудару қажеттігін айтты. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жеке бақылауына алатанын жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан еліміздің дамуы үшін маңызды аймақ.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу