Бельгияның ауруханаларында роботтар жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияның ауруханаларында роботтар жұмыс істейді

09.03.2023

Алдағы 10 жылда Жапонияда адамзат жасайтын жұмыс түрлерінің 50 пайызын роботтар атқаруы мүмкін. Бұл күншығыс еліндегі ірі консалтингтік компанияның болжамы. Мамандарының мәліметінше әдеби шығармашылық, білім беру және медицина саласын толықтай автоматты түрге ауыстыруға болады. Бельгия осы бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асыруды бастады. Елдің Льеж және Остенд қалаларының ауруханаларында қазір құлтемірлер жұмыс істейді.

Зора-Остенд ауруханасында жұмысқа кіріскен алғашқы роботтың бойы бар-жоғы 57 см. Міндеті - педиатрия бөлімшесінде жатқан балалардың көңілін көтеру. Медбике дәрі еккенде кішкентайларды жұбатып, ойнататын да өзі. Аурухана басшылығы Зораға серік болсын деп «Pepper» есімді екінші роботты 30 мың еуроға сатып алған.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Pepper-дің бұл ауруханада жұмыс істегеніне бүгін 14 күн. Басшылар оның қызметіне разы. Өйткені, ол полиглот. 20 тілде сөйлейді. Болашақта қазақ тілін де меңгеру жоспарында бар. Ал, әзірге, оның өзі білетін тілдерінде сөйлесіп көрейік. Hello, Pepper! Could you help me, please?! Бойы-1 метр 20 см-лік роботтың қызметі - ауруханаға келген азаматтарға ақпараттық қолдау көрсетіп, науқастарды бөлмесіне, басқа да баратын жеріне апаруға көмектесу. Ол сағатына 3 шақырым жүреді. Тәулігіне 20 сағат жұмыс істеуге қауқарлы. 

Кельвин Моллет, аурухананың баспасөз хатшысы:

Біз осы жоба арқылы түрлі зерттеулер жүргізуді көздеп отырмыз. Роботтың мүмкіндігі зор, сондықтан оның бағдарламалық қамтамасыз етілуін әлі де жетілдіруіміз керек. Бұл науқастарға көмек көрсету үшін, қызмет ету үшін жасалған.

Есіктен кіргеннен құшақ жая қарсы алып, зыр жүгіріп көмек көрсететін Pepper бүгінде ауруханаға келушілердің сүйікті қызметкері. Науқастың сырқатын бір сәтке ұмыттыратын робот психологтың да қызметін атқарып жүр. Аурухана басшылығы болашақта осындай ақылды аппараттардың санын көбейтіп, оларды тек қызмет көрсетуге ғана емес, хирургиялық операцияларды жасауға пайдалануды көздейді.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу