TikTok балаларға шектеу қояды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

TikTok балаларға шектеу қояды

06.03.2023

Балалар арасында соңғы бес жылда көз аурулары 25%-ға артқан. Дәрігерлер бұған басты себеп - бүлдіршіндердің ұзақ уақыт телефонға телміруі дейді. Әсіресе, видео контенттердің тигізер зияны көп. Осыны ескерген TikTok желісі балаларға шектеу қоятынын мәлімдеді. Яғни, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер желіде күніне 60 минут отыра алады. Бұған мамандар не дейді?


Бес құрсақ көтерген Сұлушаш Сұлтанбекова TikTok балалар үшін уақыт шектейді деген жаңалықты қуана қабылдады. Себебі 40 жыл ұстаздық еткен ана қазіргі балалардың телефонға шектен тыс телміретініне алаңдайды. Ал өзі санасын улайды деп немерелеріне телефон ұстатпайды екен.

Сұлушаш Сұлтанбекова, қала тұрғыны:

Мектепке апарамын, мектептен алып келемін. Одан үйірмелерге қатыстырамын. Сөйтіп телефон көруге еш мүмкіндігі жоқ бұлардың. Сана-сезімі соған дереу уланып қалады. Тик-Токқа кетіп қала береді балалар. Рухани, керекті деректерді табуға керек шығар.

ІТ мамандар әлеуметтік желілердің, оның ішінде Тик-Ток желісі адамдардың өміріне айналды дейді. Белгілі шектеу болмаған соң, әркім ойына келгенін түсіріп, желіге жүктеуді әдетке айналдырған.

Жұлдыз Кәлпиева, ІТ маман:

Қазақ тіліндегі сапалы контент өте аз. Өзіміздің мәдениетімізді, тарихымызды насихаттайтын немесе ғылым-білімге баулитын білім беру мақсатында сапалы дүниелер жасасақ.Және теріс контентке шектеу қойсақ.

Ал психологтар смартфон көп қарайтын, әсіресе, тик-токтағыдай қысқа видеоларды жиі көретін балалардың ойлау қабілеті дамымай қалатынын айтады. Пайдалы ақпарат аламын деген жасөспірім үшін бір сағат жеткілікті уақыт дейді.

Рамазан Рахматулла, психолог:

Ұлтымыздың болашағын ойлайтын болсақ, ол кісілер ертең ел басқарады, үлкен шешімдер шығарады. Сондықтан бала деп қарамау керек. Қазірден бастап олардың қандай ақпарат алып жатыр, оны қалай алып жатыр, олардың идеологиясына, ойлау жүйесіне санасына қалай әсер етеді? Солардың барлығына еліміздің ден қойып жатқанына қатты қуаныштымын. 

Көз дәрігерлері де смартфонның кесірінен соңғы бес жылда бүлдіршіндер арасында көз аурулары жиілей бастағанын айтады. Бұған дейін 13 жастан асқан жасөспірімдер ғана шағымданған.

Әсел Жақаева, дәрігер-офтальмолог:

5-6 сағат бір нүктеде көріп отырсақ көзіміздің бұлшықеттері тала бастайды. Көздің құрылысы өте күрделі. Хрусталикті 5-6 сағат жылжытпасақ, бұлшықеттері талып, 1-2 айда балаларда миопия ауруы пайда бола бастайды.

2018 жылы халықаралық нұсқада Қытайдан бастау алған платформаны бүгінде әлемнің 150-ден аса елі пайдаланады. Бірнеше мемлекет бас тартып, қолдануға тыйым салды. Соған қарамастан,1 млрд-тан аса адам телефонына жүктеген. Бұл – желінің көз жетпес жылдамдықпен дамып жатқандығының дәлелі.

Енді ТикТок 18 жасқа дейінгі балалар үшін уақытты шектейтін жаңа функция енгізбек. Яғни 1 сағаттан артық желіде отырса, ата-анасының рұқсаты қажет. Ал 13 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге ата-анасы құпия сөзді теріп, 30 минут отыруына мүмкіндік береді. Тикток бұл лимитті жақын арада енгізуді жоспарлап отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу