Түркиядағы алапат жер сілкінісінен кейін тура бір ай өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы алапат жер сілкінісінен кейін тура бір ай өтті

06.03.2023

Түркияның оңтүстік-шығысындағы алапат жер сілкінісінен кейін тура бір ай өтті. Апат аймағында қирандыларды күні-түні тазалап жатыр. Сондай-ақ 11 облыста жаңа үйлер салынуы тиіс жер телімдері нақтылануда. Ел билігі алдағы екі жылда үш жүз мыңнан аса ғимарат салуды жоспарлап отыр.

Алапат жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен Кахраманмараш, Малатия, Газиантеп қалаларында жаңа ғимараттарды салатын орындар белгіленді. Бір жыл ішінде 88 мыңнан аса пәтер мен 18 мың жер үй салынбақ. Бұл туралы Түркияның Қала салу және қоршаған ортаны қорғау министрі хабарлады. Жаңа ғимараттар бұрынғыдай таудың етегі мен сайларда емес, тастақты жерлер мен төбелердің басына салынады.

Мұрат Курум, Түркияның қала салу және қоршаған ортаны қорғау министрі:

Жаңа үйлерді салғанда қаланың сәулеті мен тарихын ескере отырып, алдағы елу жылда адамдардың тұруына ыңғайлы болуын да қарастырамыз. Қазір 11 облыста 7 мыңнан аса маманымыз жаңа ғимараттарды салу жұмыстарына қатысты зерттеулер жасап жатыр. Алдағы екі ай ішінде 309 мың нысанның құрылысын бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Зілзаладан бір ай өтсе де жер дүмпулері басылар емес. Мамандар 25 күн ішінде 13 мыңнан аса жер тербелісін тіркеді. Бұл афтершоктар құлағалы тұрған үйлер үшін аса қауіпті. Кеше Шанлыурфа қаласында қирап тұрған алты қабатты ғимарат құлап, бір адам жараланды.

Апта соңында жауапты құрылымдар мен ғалымдардың басын қосып жиын өткізген ел Президенті Режеп Тайып Ердоған зілзала аумағындағы үйлерді жер сілкінісіне төзімді етумен қатар, 4-5 қабаттан асырмау туралы тапсырма берді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Мемлекеттік бағдарламамен салынатын үйлер 4-5 қабатты және 3 бөлмелі болады. Ең алдымен үйлердің қауіпсіздігі, көп қабатты болмауы және тығыз орналаспауына мән береміз. Бұл үлкен жобаны жүзеге асыру үшін ғалымдар, архитекторлар, сәулетшілермен қатар жергілікті тұрғындардың пікірі де есепке алынады.

Сапасыз үй салып, талай адамның өліміне себепкер болған 247 адам қамауға алынды. Олардың кейбірі құрылыс компанияларының басшылары мен архитекторлары болса, енді бірі өз қалауымен үйдің ұстындарын бұзған тұрғындар. Тағы 9 адамның шетелге қашып үлгергені белгілі болды. Ал экономистер бұл зілзаладан Түркия экономикасына 93 млрд доллар шығын келгенін айтады.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу