Еліміздегі тұңғыш халықтың кітапханаға 140 жыл толды. Бұл мәдениет ошағы 1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің ұйымдастыруымен Ақтөбе облысының Ырғыз елдімекенінде ашылған. Өкініштісі, бір жарым ғасырға жуық жұмыс істеп келе жатқан мекеменің қазіргі ахуалы мәз емес.
Ыбырай Алтынсарин кітапхана ашуға патша үкіметінен қолдау таппаған соң, қарапайым қыр қазақтарынан көмек сұраған. Ақтөбе, Ырғыз уездерінен 209 сом жиналып, 1883 жылы үлкен қиындықпен Ырғыз бекінісінде алғашқы кітапхана ашылған. Қазақ кітапханаларының даму тарихы осы мекемеден басталатынын тарихшылар да растайды.
Ербол Ермаханов, тарихшы, тұрақты оқырман:
Ырғыз аудандық кітапханасы өте тарихы терең, сонау қаншама жылдардан бері оқырманға қызмет көрсетіп келе жатыр. Бұл кітапханасыз болмайды енді. Болашағымызды елестету мүмкін емес. Кітапхана керек, әрине.
Бұл мекемеге 1905 жылы Ырғыз қалалық кітапханасы деген мәртебе беріліпті. Қазір аудандағы 15 кітапхана осы жерден басқарылады. 9 460 оқырманға қызмет көрсетеді. Аудан бойынша 121 666 дана кітап қоры бар. Бұл жерден өте сирек кездесетін кітаптарды да табуға болады. Мысалы, батырлар жырының жарыққа шыққанына ғасырға жуық уақыт болған.
Гүлсім Алниязова, кітапхана қызметкері:
Түпнұсқасы кітапханада сақталған, көріп тұрсыздар қандай күйде екенін. Оқырманның қолына тек кітапханада отырып оқуға беріледі. Өйткені бізде 1-2 данадан ғана қалған.
Кітапхананың бүгінгі келбеті көз қуанта қоймайды. Өйткені, ғимараты әбден ескірген. Осыдан он жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілгенімен, қайта сыр бере бастаған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл кітапхананың алғашқы ғимараты әлдеқашан жермен жексен болған. Ал одан кейін салынған нысанға да 80 жылға жуықтапты. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, қабырғалары жарылып, іргетасы шөгіп кеткен.
Қазір мекемеде заман талабына сай цифрландыруға көшу, электронды басылымдарды қолдану жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, мұндағы мамандар жаңа ғимаратқа көшпей, болмайды, дейді.
Марат Мырзалы, аудандық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:
Тозығы жеткен. Күрделі жөндеу жасауға да мүмкіндігі келмейді. Өйткені, кейбір есік-терезелері майысып, қабырғалары жарылып, осындай бір қиындықтар туғызып келеді. Бұл енді уақыттың ізі ғой. Жаңа кітапхана салудың қажеттілігі туындауда.
Кітапхана ауданның рухани орталығына айналған. Түрлі басқосулар мен ғылыми конференциялар да осы жерде өтеді. Бір қуанарлығы, жаңа кітапхана салу идеясы құзырлы орындардан қолдау тапқан. Қазір жобалық-сметалық құжаттары рәсімделіп жатыр.
Жақсыбек Кемал