Украинада негізгі шайқас қазір Бахмут төңірегінде жүріп жатыр. Дегенмен, қалада нақты қандай жағдай қалыптасқаны белгісіз. Осы аптада Ресей қорғаныс министрі Украинаның шығысындағы ұрыс аймағына барып, әскери қызметкерлермен кездескен. Ал Запорожье қаласында зымыран шабуылынан қаза тапқандар саны өскен. Украина мәселесі осы аптада Үндістанда өткен Үлкен жиырмалықтың саммитінде де талқыланды. Алайда, ортақ келісім жасалған жоқ. Осы жиын аясында АҚШ пен Ресейдің бас дипломаттары қысқа кездесу өткізді. Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Соңғы мәліметтерге сай, Ресей қаланың бірнеше ауданын басып алған. Бахмутқа қол жеткізу Мәскеуге Донецк облысындағы басқа да қалаларды жаулауға жол ашады. Ал Американың соғысты зерттеу институты Бахмут жергілікті армияның бақылауынан шыққан жоқ деп мәлімдеді. Қалаға Украина қарулы күштерінің элиталық бөлімшелері тартылып жатыр. Тағы бір мәліметтерге қарағанда, жергілікті армия Ресей әскерінің қоршауына түсіп қалмас үшін, Бахмуттан кетуі де мүмкін.
Осы аптада Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Украинаның шығысына барды. Әскери-іс қимыл жүріп жатқан аймақтағы жауынгерлермен кездесіп, майдандағы жағдаймен танысқан. Шетел бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Ресейдің жоғары лауазымды әскери басшыларының соғыс аймағына сапар жасауы сирек.
Осы аптада Ресей билігі Брянск облысына украиналық диверсанттар кіріп кетті деп мәлімдеді. Шабуылдан екі адам қаза тапқан.
Владимир Путин, Ресей президенті:
Олар шекара аумағына еніп, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды. Көлікте бейбіт тұрғындар мен балалар отырғанын көріп, оқ атқан.
Ресми Киев болса, бұл шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Мұны «классикалық арандатушылық» деп атады.
Ал Украинаның Запорожье қаласында осы аптада зымыранмен жасалған шабуыл құрбандарының саны 13-ке жетті. Снаряд бес қабатты тұрғын үйге түскен. Мәскеу бұған қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Айта кетерлігі, Ресей Украинада бейбіт тұрғындарды нысанаға алғанын үнемі жоққа шығарып келеді.
Олег Буряк, Запорожье әскери әкімшілігінің басшысы:
Зымырандардың бұл бағытқа соққы беруі бірінші рет емес. Жыл бойы С-300 ракеталары шабуылдады.
Украина дағдарысы осы аптада Үндістанның Делиінде өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінің басты тақырыбына айналды. Алайда жиын нәтижесіз аяқталды. Оның аясында АҚШ пен Ресей бас дипломаттары қысқа кездесу өткізген. Энтони Блинкен Сергей Лавровқа АҚШ Украинаға қанша қажет болса, сонша қолдау көрсететінін айтқан. Ал Лавров болса, Ресей Украинадағы әрекеттерін жалғастырады деп мәлімдеді.
Осы аптада Вашингтон Киевке тағы 400 млн доллардың әскери көмегін беретінін мәлімдеді. Оған «Хаймарс» зымыран кешендеріне арналған оқ-дәрі, артиллериялық снарядтар, танкілердің көпірден оңай өтуіне арналған құрылғылар кіреді. Әскери сарапшылардың болжамынша, күн жылынғанда Украина да Ресей де шабуылды күшейте түспек.
Арай Төлегенқызы