Қаржы министрі: Елде азық-түлік бағасы түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы министрі: Елде азық-түлік бағасы түседі

02.03.2023

Доллар арзандаған соң, елде азық-түлік бағасы түседі. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қымбатшылықтан қысылған халықты бүгін осылай қуантып қойды. АҚШ валютасының құнсыздануы нарыққа тағы қай жағынан әсер етеді? Экономист сарапшылардың болжамы қандай? Айя Мүтәлі анықтап көрді

Айя Мүтәлі, тілші:

Екі күн бұрын 450 теңгеден саудаланған 1 доллар қазір ақша айырбастау бекеттерінде 439 теңгеден сатылып жатыр. Ал бір ай бұрын АҚШ валютасы 460 теңге тұрды. Яғни, 20 теңгеге арзандаған.

Доллар осылай құлдырай берсе, азық-түліктің құны да айтарлықтай арзандауы мүмкін. Былтырғы қымбатшылықты шетелдік валютадан көрген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тауар құны енді төмендейді деп елді жұбатып отыр. Әсіресе, сырттан келетін тауарлардың бағасы түседі. Оның болжамынша, нарықтағы өзгеріс 2-3 айда анық байқалуы тиіс.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі:

Біз тауар бағасы төмендейді деп ойлаймыз. Өйткені әдетте доллар қымбаттаған кезде импорт тауарларының бағасы көтеріледі. Осыған байланысты сырттан келетін азық-түлік тауарлары да біртіндеп арзандауы тиіс.

Ал халықтың пікірі қақ жарылды. Бірі – азық-түлік арзандайды деп қуанса, енді бірі – қымбатшылықты қолдан жасайтын саудагерлер бұған жол бермейді деп күмәнданып отыр.

Ал экономист-сарапшы АҚШ валютасы күрт қымбаттап кетпесе, министрдің оптимистік болжамы іске асуы әбден мүмкін дейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Біздің саясатымыз осы теңгенің бағамын бір тұрақты түрде 450-460 теңгеде ұстап тұру. Енді экономикамыз күшті болып кетсе, ол одан сайын қуаттанып кете береді. Ал жылдың соңына қарай 460-қа дейін дейін баруы керек деп ойлаймын.

Осылайша, былтыр 21 пайызға бірақ өсіп, рекордық деңгейге жеткен инфляция биыл ауыздықталады деген болжам бар. Ұлттық банк бұл көрсеткіш 7,5- 9,5 пайыз аралығында болып, азық-түлік тауарлары бағасының тұрақталарына сенімді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу