Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялар арасында пікірсайыс өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялар арасында пікірсайыс өтеді

01.03.2023

Жаңалықтар шығарылымынан кейін, Ұлттық арна эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын партия өкілдері пікірсайысқа шығады.

Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысады. Дәл қазір пікірсайысқа соңғы әзірліктер пысықталып жатыр.

Жалпы сөз жарысы 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде - кандидаттар әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша ұсынысын айтады. Берілетін уақыт - 2 минуттан. Екінші кезеңде - саяси ұйым өкілдері арасында дискуссия өтеді. 4 минутта үміткерлер бір-біріне сұрақ қойып, жауап береді. Ал үшінші кезеңде 2 минут ішінде сайлауалды тұғырнамасының үш негізгі бағытына тоқталады. Соңғы кезеңде партия өкілдері сайлаушыларға үндеу жасайды.

Ал пікірсайыстан кейін белгілі саясаттанушы Мақсат Жақау, Президент жанындағы Қоғамдық Зерттеулер Институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина сондай ақ «Қазақстандық қоғамдық даму институты» Басқарма Төрағасы Нұрбек Матжани сөз жарысында айтылған ойларды талқыға салады .

Пікірсайыс қалай өтті? Партиялардың бағдарламалары, саяси технологиясы, саяси мәдениеті қандай? Осы және өзге де мәселелер сарапталады. Пікірсайыс сағат 20:30-да басталады. Ал талқылау 21:40-та эфирге шығады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу