АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайды

28.02.2023

Ақ үй басшысы Джо Байден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іске асырған реформаларын қолдайды. Қазақстанға ресми сапармен келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бүгін осылай деді. Мәртебелі мейман Орталық Азия елдерінің министрлері бас қосқан форумға қатысты. Тараптар нені талқылады?

Айя Мүтәлі, тілші:

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы 4 күнде Орталық Азияның 3 мемлекетін, атап айтқанда Қазақстан, Өзбекстан және Үндістан елдерін араламақ. Сапарын Қазақстаннан бастады. Бұл – Энтони Блинкеннің жоғары лауазымды қызметке тағайындалғалы біздің елге алғаш келуі.

Мәртебелі мейман бүгін 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «C5+1» форматындағы саммитке қатысты. Форум бүгінде Орталық Азиядағы бес республика министрлері мен АҚШ өкілдерінің басын қосып, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылайтын, елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты нығайтатын маңызды алаңға айналған. Кездесуде халықаралық сауданы, оның ішінде цифрлық сауданы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, суды және энергияны тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, терроризм мен экстремизм, есірткі бизнесі және адам саудасымен күрес те назардан тыс қалмады.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

Орталық Азия басшыларының жиі басқосуы жақсы нәтиже беріп жатыр. Экономикалық қарым-қатынас нығайып, бауырлас елдердің ынтымағы артты. Мәселен, өзара сауда байланыс 23 пайызға өсіп, 8 млрд АҚШ долларын құрады.

Ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жылдан асты. Былтыр қос ел арасындағы сауда айналымы 37,2%-ға өсіп, 3,05 млрд долларға жетті. Қазақстан үшін АҚШ Нидерландыдан кейін 60 млрд доллардың инвестициясын салған екінші ірі ел. Ел аумағында бүгінде 590-ға жуық америкалық кәсіпорын жұмыс істейді. Қос тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі.

Энтони Блинкен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:

Бұл келсісөздер аймақтағы барша халыққа және АҚШ-қа да пайдалы болады. Біз Қазақстан іске асырып жатқан реформаларды қолдаймыз.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы қазақ музыкасына қызығушылық танытып, Қазақ ұлттық өнер университетінде қонақ болды. КСМ: Жалпы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары осымен аяқталды. Мәртебелі мейман Астанадан кейін Ташкент қаласына барып, өзбек басшыларымен кездеседі. Одан кейін Үндістанға жол тартады. Ол жақта Блинкен үлкен жиырмалық елдері Сыртқы істер министрлерінің саммитіне қатысады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу