Еуропалық Одақ пен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орай Брюссельде ресми қабылдау өтті. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған шараға Еуропалық институттар мен Халықаралық ұйымдардың басшылары, Еуропарламент депутаттары мен дипломаттар қатысты. ЕуроОдақ еліміздің басты сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 38 млрд долларды құрады. 30 жыл ішінде қарт құрлық кәсіпкерлері қазақ экономикасына 160 млрд доллар инвестиция құйған. Қос тарап кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында 29 сала бойынша ынтымақты дамытуда.
Микаэль Зиберт, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:
Қазақстан – Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Елдеріңізбен экономикалық, сауда қатынасымыз қарқынды. Былтыр ынтымағымыз онан сайын артып, жаңа серпінге ие болды. Шикізат туралы меморандумға қол қойдық. Енді «Орталық көлік дәлізі» арқылы байланысты нығайтуға мүдделіміз.
Никлас Ниенасс, Еуропалық парламенттің депутаты:
Еуропалық Одақ пен Қазақстан ынтымақты онан сайын бекемдеуге ынталы. Қазақстан саяси-әлеуметтік реформалар жүргізу арқылы демократиялық бағытта дамуды таңдады. Біз мұндай өзгерістерді құптаймыз және қазақ үкіметі мен халқына қолдау көрсетуге дайынбыз.
Нұрсұлу Қасым