«Қорғас» кеден бекеті наурызда ашылады. «Достық», «Нұр Жолы» бекеттері ел экономикасын еселеуге елеулі үлес қосатын нысандар. Сондықтан, Жетісу өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін ұтымды пайдалану керек, деді облыс активімен болған жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов. Сондай-ақ 2026 жылға дейін аймақта 10 мектеп салынады. Пайдаланылмай жатқан 857 мың гектар жер айналымға еніп, ауыл тұрғындары жайылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар Әлихан Смайылов жоспарланған инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Достық-Мойынты темір жол қатынасын кеңейту және кедендік бекетте заманауи өткізу пунктінің құрылысы көзделген. Бұл транзиттік жүк көлемін және өңірдің көліктік бағытын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. өздеріңіз білетіндей «Қорғас» бекетінің жұмысы пандемия басталғалы бері тоқтап тұр. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен оны ашу бойынша келісімге қол жеткізілді. 6 наурыздан бастап Қорғас бекеті өз жұмысын бастауы тиіс.
Қуаныш Қанатұлы