Журналист Нұртілеу Иманғалиұлының жеке заттары мұражайға тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналист Нұртілеу Иманғалиұлының жеке заттары мұражайға тапсырылды

25.02.2023

Журналистика тарланы Нұртілеу Иманғалиұлының жеке заттары Алматыдағы мұражайға тапсырылды. Қазақ телевизиясының 65 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада арнайы көрме ұйымдастырылды. Әріптесін еске алуға келген ардагерлер Ұлттық арнаны мерейтойымен құттықтап, отандық медиа туралы ойларымен бөлісті.

Қаламгер қолданған 100-ге жуық заттың арасында журналистика қайраткерінің эфирде киген киімдері, ұстаған сөмкелері, фотоаппарат және радио қабылдағыш бар. Әріптестерінің айтуынша, ең құнды деген қойын дәптері де Алматы қалалық музейіне өткізілді.

Қарлығаш Табулдинова, Н.Иманғалиұлының жары:

Қазақ телевизиясында өзі студент кезінен бастап істеді. Сол кезден бері істеген қазақ телевизиясындағы ардагерлер жайлы, фото суреттері түрлі-түсті емес. Соның барлығын музей қорына өткізіп қояйық деген мақсатпен бүгінгі іс-шара болып жатыр.

Қайнар Олжай, телевизия ардагері:

Нұртілеу ағамызды сағынғанда, Нұртілеу ағамыздың келбетін іздегенде, Нұртілеу ағамыздың бейнесін көз алдымызға келтіруге тырысқанда осы музейге келетін боламыз. Осы музейге келген Нұртілеу ағамыздың құшағына енгендей, Нұртілеу ағамыздың жазуын қарағандай, Нұртілеу ағамыздың өзімен сырласқандай әсерде боламыз.

Фатима Бегімбаева жарты ғасыр ғұмырын телевизияға арнаған. Әріптестерін көріп қуанған ардагер, музейдің ретро залын аралап, өткенге көз жүгіртті. Айтуынша, қазақ теледидары қазіргі таңда техникалық әлеуеті жоғары, тәжірибелі мамандар істейтін мекенге айналды.

Фатима Бегімбаева, телевизия ардагері:

Қазақ теледидары біз үшін өте қымбат. Қазіргі ардагерлер үшін біздің жастық шағымыз. Бұл біздің өсу, өркендеу, өткен өміріміз. Бұл біздің тарихымыз. Бұл біздің шежіреміз. Қазіргі қазақ телевизиясының деңгейі өте жоғары. Жақсы дәрежеде деп айтар едім. Адамның санасына тамтұмдап кіретін, телевизиялық жақсы әдістермен тамаша телевизиялық жолмен көрсетіліп жатқанына мен қуаныштымын.

Салтанатты шараға қатысқандар қазақ журналистикасының мэтрін сегіз қырлы бір сырлы, от тілді, орақ ауызды қайраткер болғанын айтып, еске алды. Көрмеге қойылған заттар музейге келушілер үшін сүйікті жәдігерге айналарына сенім білдірді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу