Қостанай облысында 33 ауыл мектебіне қазандықтан қатер төніп тұр. Себебі от жағатын орын ғимаратқа жапсарлас салынған. Талап бойынша, жылу қазандығы мектеп ғимаратынан бөлек орналасуы тиіс. Төтенше жағдай тексеріп, жылда айыппұл салса да, он төрт жыл бұрын енгізілген ереже орындалмай келеді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл Қостанай қаласынан 25 шақырым жердегі Еңбек ауылындағы мектеп. 1962 жылы бой көтерген. Тұрғындардың айтуынша мына жылу қазандығы сол кезде мектеп ғимаратына жапсарлас салыныпты. Содан бері басқа жерге көшірілмей тұр.
Шоқ көсеп, жүзін жалын қақтаған жігіт ағасы - Дәулет Ахметбеков. Осындағы төрт от жағушының бірі. Бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады. Қазандықтың ғимаратқа жапсарлас тұрғаны ол үшін үйреншікті көрініс.
Сапабек Жапағин, ауыл тұрғыны:
Мектеп заман талабына сай емес. 10 жыл бұрын осы мектепті қауіпті деп шешім шыққан. Қаншама қазандықтар бірге салынған жарылып кетіп жатыр. Сондықтан кейде алаңдап отырамыз.
Еңбек ауылында биыл 100 оқушыға шақталған жаңа ғимараттың құрылысы басталады. Яғни мұнда қауіпсіздік мәселесі көп ұзамай толық шешілуі тиіс. Бұл қауіптен басқа 32 мектепті де жедел арылту үшін бәріне блокты модульдік қазандықтар қою жоспарланған. Тіпті алғашқы 12 қазандықты орнатуға 400 млн теңгеге жуық қаржы да бөлініпті. Алайда прокуратура мұны да заңға қайшы санап, тендер өткізуге тиым салған.
Айнұр Оспанова, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Құрылыс саласындағы қазіргі заңнамаға сәйкес мұндай қазандықтарды тек қоя салмай арнайы ғимарат салу керек. Сондықтан қазір 9 қазандық ғимаратының жобалық сметалық құжатын дайындап жатырмыз. Тағы екі қазандықтың құжаттары дайын. Олардың бірі биыл, екіншісі келесі жылы салынады.
Мәтін: Еліміз бойынша қазандығы жапсарлас салынғандықтан қауіпті деп танылған 54 мектеп бар. Ресми дерекке сүйенсек соның басым бөлігі Қостанай облысында. Әзірге қазандықтан төнген қауіптің қашан толық сейілері беймәлім болып тұр.
Дәуренбек Әбдібек