Солтүстік Қазақстан облысында пәтерлер заңсыз үлестірілген. Әкімдік қызметкерлері 70 пәтерді ешқашан кезекте тұрмаған адамдарға беріп жіберген. Ал жетім балалар санаты бойынша тіркелген 1360 азамат сол тізмнен еш негізсіз алынып тасталған.
Антон Стровинский – баспана алу үшін кезекке 12 жыл бұрын тұрған. Тізімге «жетім балалар» санаты бойынша енген Антон бірақ әлі күнге дейін армандаған пәтеріне кіре алмай жүр.
Антон Стровинский, қала тұрғыны:
Әкімдік құрғақ уәдемен тойдырып келеді. «Бір айдан кейін аласың, жарты жылдан кейін» деп шығарып салады. Салынған үйлер қалай үлестіріліп жатқаны түсініксіз. Бұл жерде ашықтық керек. Пәтерім болмаған соң, отбасын да құра алмай жүрмін
Былтыр Антон сынды 1360 адам баспана кезегінен алынып тасталған. Жалпы тұрғын үй секторын тексеру барысында біраз былықтың беті ашылды. Жалдамалы пәтерлерде бөгде адамдар тұрып келген, оның үстіне үйді жекешелендіріп алған кейбір пысықайлар іле сатып үлгерген. Осындай 45 дерек анықталды.
Сергей Перов, СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
Біз еш құжаты жоқ 1500 пәтерді анықтадық. Басшыларың өзі ол үйлердің қалалық әкімдік балансында екенін білмейтін болып шықты. Оған мамандардың жиі ауысуы себеп. Жұмыс тиісті деңгейде атқарылмаған, ал құжаттар жоғалып қалған. Аталған мекенжайларды полициямен бірге аралап, кімдер тұрып жатқанын анықтадық.
Кезекте тұрмаған 70 адамаға пәтер қалай берілген? Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметі мен қалалық әкімдігінің жауабы қабыспады.
Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:
Ол анықтама бойынша, 70 пәтер бойынша қаланың ішінде ондай заң бұзулық жоқ. Ол аудандарда онда нәрселер өткен.
Қалалық әкімдік қарамағында 3 мыңға жуық пәтер бар. Тексерістен кейін баланстағы баспана қайта түгенделетін болды. Заңсыз тұрып жатқандар шығарылды. Босаған үйлер шын мәнінде мұқтаж адамдарға берілмек.
Эльмира Каленқызы