Қарағанды облысындағылар қалаға мұз үстімен қатынап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағылар қалаға мұз үстімен қатынап жүр

20.02.2023
Қарағанды облысындағылар қалаға мұз үстімен қатынап жүр

Қарағанды облысында көктемде 100-ден астам елдімекенді су басуы мүмкін. Аймақта тасқынға тосқын қою шаралары қызу жүріп жатыр. Қызыл судан Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары да қорқып отыр. Мұндағы жұрт қазірдің өзінде Теміртауға бару үшін басын қатерге тігіп, мұз үстімен жүр. Ал жаяу жүргінші көпірі болса апатты жағдайда тұр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтап көрді.

Бұқар жырау ауданына қарасты

Руслан Нұрланұлы, тілші:

2015 жылы Ғабиден Мұстафин ауылын қызыл су басқан кезде жаяу жүргінші көпірі маңында мұз жару жұмыстары жүргізілген болатын. Сол кезде өткелдің бетондары зақымданып, апатты жағдайға түскен. Бұл тұрғындардың Теміртау қаласына баратын жалғыз төте жолы еді.

Осы төте жол арқылы Теміртауға 15-20 минутта жетуге болады. Ал айналма жолмен жүрсе 5 есе алыс. Сондықтан, тұрғындардың көбі, қауіпті болса да, арғы бетке мұз үстімен өте шығады. Былтыр қараша айында жүк көлігі, кейін такси көлігі суға батып кетті. Абырой болғанда салондағы 6 адам аман қалды.

НҰРЛАН ЖАБАЕВ, Ғ.МҰСТАФИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тұрған жігіттер сол сәтте сол жерде болған. Сол кісілерді машинадан алып шықты. Енді қандай запрет болмаса да мұз үстіне көлікпен шығып кетеді. Мына аварейный көпірмен өтуге қиындау. Көп адам біздің ауылдың Теміртауда жұмыс істейді.

Ғабиден Мұстафин ауылында жылда қызыл судан қауіп жоғары болады. Себебі сай-саланың суы осы жерге жиналады. Қазірдің өзінде кейбір өзендер арнасынан асып тұр. Мысалы, биыл Нұра өзеніндегі су мөлшері қалыпты жағдайдан 1,5 есе көп. Дегенмен, Теміртауға тез жетуге асыққан адамдар мұз үстімен жүруді доғарар емес.

ЕРСІН ЖҮНІСБЕКОВ, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

Жергілікті әкімшілік, полиция посттарды қойып, ол жерден жүруге тыйым салынған. Әкімшілік жазаға тартамыз ондай адамдарды. Қазір көпір салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның жанында 4 шақырымнана астам арнасын тазалау жұмыстары жүргізілді.

Ескі өткел тек жаяу жүргіншілерге ғана арналған. Ал жаңасының құрылысы тұрғындардың өтінішінен соң былтыр басталды. Онымен көліктер де жүре алады.

РҮСТЕМ ТОҒЖАНОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС МЕРДІГЕРІ:

Биыл көпірдің сывайларын қағып, бетондарын бекітеміз. Жалпы ұзындығы 150 метр. Ені 10 метр. Екі жанында 1,5 метрлік жаяу жүргінші жолы болады. Құрылыс 2024 жылы біткен соң ауылдың Теміртауға қатынауға байланысты мәселесі түбегейлі шешіледі.

Қарағанды облысында қар қалың. Осы күнге дейін аймақтағы елдімекендерден 1 млн текше метрге жуық қар шығарылған.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу