Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы туындауы мүмкін

19.02.2023

Энергия тапшылығы ұлғайған сайын АЭС құрылысы тақырыбы да жиі көтеріліп жүр. Ақпанның 28-і Алматы облысындағы Үлкен ауылында АЭС салу жөнінде қоғамдық тыңдау өтеді. Бұл ақпаратты осы аптада қоғамдық тыңдауға 12 күн қалғанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз қызметі таратты. 

«Жергілікті тұрғындар жоба туралы пікір білдіріп, сарапшыларға сұрақ қоя алады» делінген баспасөз-хабарламасында. Соған қарағанда билік құрылыс жүретін аумақ бойынша бір тоқтамға келгенге ұқсайды. Енді тек тұрғындардың мақұлдауы қалды деуге болатын сияқты. 

Балқаш көлінің жағасында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салуға ыңғайлы алаң да дайын. Кеңес одағы кезінде ол жерде электр станциясын тұрғызу жоспары болған. Кейін ол аяқталмай қалды. Сондықтан үлкен жобаны көптен күтіп жүрген ауыл тұрғындары станцияның салынуын қос қолдап қолдайды, деп жорамалдайды кей сарапшылар. Ал эколог Лаура Мәлікова қоғамдық тыңдау өткізудің ережесі бойынша ақпарат кемінде бір ай бұрын таратылып, мамандар үшін жоба құжаттары қоса жариялануы керек еді дейді. 

Лаура Мәлікова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Сол құжаттың ішінде сейсмикалық жағдайды зерттеу қалай қарастырылған? Балқаш көліне әсері қандай болады? Қанша су қолданады, ол судың радиациямен ластану рискі қаншалықты, қай деңгейде, ол рискті азайту үшін қандай іс-шаралар қабылданады. Осының бәрі жобалық құжатта қаралуы керек.

Энергетика министрлігінің департамент директоры Жасұлан Қасеновтың айтуынша, қоғамдық тыңдау өтетіні Алматы облысы Жамбыл аудандық газетінде және аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында ақпанның басында жарияланған. Әрі қоғамдық тыңдауда тек құрылыс жүретін аумақ қана анықталады. Ал қосымша зерттеулер содан кейін жүргізілетінін айтады. 

Жасұлан Қасенов, ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры:

Алда әлі жұмыс көп. Геологиялық ахуалы, су ресурстары мен жобаның қоршаған ортаға әсері қосымша зерделеуді қажет етеді. Оның қорытындысын да қоғамдық тыңдауға шығарамыз.

Ал АЭС салатын технология әлі таңдалған жоқ. Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов төрт елдің компаниясы ұсынған реактор технологиялары зерттеліп жатқанын айтқан. Шорт-тізімде Қытай, Корея, Ресей және Франция компаниялары бар. 

Алдымен реактордың түріне тоқталайық. Төрт компанияның да ұсынып отырғаны – су реакторы. Яғни, онда жылу тасымалдағыш ретінде кәдімгі су қолданылады.

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының бас директоры:

Қарапайым тілмен айтқанда бірінші контурда су болса, екінші контурда сол судың ыстығын алып, бу генераторды айналдырады. Сол жерден электр энергиясы өндіріледі. Міне, осы қарапайым схемамен жұмыс жасайтын реактор ғой. Бірде-бір осындай реакторда оқыс оқиға болған емес.

Ондай реактор Алматыдағы Ядролық физика институтында да бар екен. Зерттеу қондырғысы ретінде 55 жылдан бері пайдаланылып келеді. Мұның атом электр станциясында тұратын реактордан еш айырмашылығы жоқ дейді институт директоры.

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының бас директоры:

Сондықтан Алматының түбінде 25 шақырым жерде 55 жыл бойы АЭС бар деп есептей беруге болады. Қазақстанда салынатын реактор осы типтес болады. Сондықтан оларға кадр дайындау үшін ше елге апарып, қаржы шығармау керек. Меніңше, осы біздің базамызды пайдаланып, осы жерде кадрларды дайындау керек.

Қауіпісіздік тұрғысынан да шорт-тізімге кірген реакторлардың бәрі ІІІ+ буынына жатады. Бұл ең қауіпсіз қондырғылар саналады.

Әсет Махамбетов, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің басшысы:

Олардың дизайнына lessons learned принципі енгізілген. Яғни, өткен оқиғалар болсын, апаттар болсын, жалпы реакторды пайдалану тәжірибесі соның ішіне кіргізілген. Сондықтан ол реакторларда апат болу ықтималдығы өте төмен. Апат болатын жағдайда да сол прициптердің арқасында реактор 72 сағат операторлардың араласуынсыз, өзімен-өзі өшірулі тұра алады.

ІІІ+ буынына жататын ядролық реакторлардың бірнеше ішкі қорғаныс жүйесі бар. Айталық, белсенді аймақты суыту жүйесі апат болса, өздігінен іске қосылады. Яғни мына ыдыстардағы сұйықтық реакторға құйылғанда тізбектік ядро реакциясы жүрмей қалады. Жарылыстың алдын алатын тағы бір жүйе – реактордың нейтрон сіңіргіш өзегі. Үшінші қауіпсіздік жүйесі – балқытпаның таралуына жол бермейтін «қақпан». Одан кейін жылуды пассивті түрде бұру жүйесі мен бу шығаратын генератор болады. Сосын су шашатын түтік жүйесі, сутек газын жоятын жүйе мен апат кезінде іске қосылатын дизель генераторлар бар.

Мысалы, балқытпаның таралуын тежейтін «қақпанды» маман түсіндіріп берді.

Ерболат Қоянбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығы атом энергиясы институты директорының орынбасары:

Чернобыльда реактордың активті аумағы жерге түсіп кетті ғой. Енді сол реакторды корпусынан шығармас үшін қызуға төзімді материалдан істелінетін арнайы қондырғы ғой. Егер де реактордың активті аумағы балқып кеткен болса сол балқыманы ұстап қалатын материалдардан істелінеді.

Ал осы буындағы реакторлардың сыртқы қауіпсіздігін герметикалық қаптамасы қамтамасыз етеді екен.

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының бас директоры:

Мысалы, тіпті, ең үлкен самолет қазір А-380 болып есептелсе, соның өзі төбесіне құлаған күннің өзінде қирамайтындай ғимарат болады.

Сонымен Қытай, Корея, Ресей және Франция компаниялары ұсынған реактор технологиялары ІІІ+ буынына жататын су реакторлары екенін білдік. Олардың айырмашылығы да аз екен. Онда неге технологияны таңдау созылып кетті?

Жасұлан Қасенов, ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры:

Тізімдегі төрт технологияның да техникалық қауіпсіздігі ұқсас. Сондықтан енді таңдауға келгенде көбіне Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғауға басымдық беріледі.

Дәурен Әбен, ядролық қауіпсіздік саласының маманы:

Олар орысша айтқанда «под ключ» дейді ғой, салып береді, ыңғайластырып береді, керек болса кредит те береді, бүкіл жағдай жасалынған. Бірақ біз технологиялық жағына, қауіпсіздік жағына көңіл бөле отырып, саяси мүдделерімізді де ескеруіміз керек.

Энергетика министрі реактор технологиясын өздігімізше таңдай салмайтынымызды меңзеді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Биыл біз технологияны таңдауымыз керек, төртеуінің арасынан. Ол үшін МАГАТЭ-ден келетін бір топ комиссия күтілуде.

АЭС салғысы келетін компаниямен шартқа отырмас бұрын талаптарымызды да тізіп шығуымыз керек дейді мамандар.

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының бас директоры:

АЭС салатын компания міндетті түрде қосымша, мысалы сол елге не қажет, үлкен ғимараттар немесе қажетті инфраструктуралық құрылымдар салып беруге құқылы. Осыны пайдалана отырып, біз АЭС жеңіп алған компанияға осы институт территориясында тағы бір зерттеу реакторын салып беруін өтінер ек.

 Әсет Махамбетов, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің басшысы:

Келіссөздер аясында қойылып жатқан талаптардың бірі – ядролық отынды Қазақстанда локализациялау. Яғни біз өзіміздің АЭС-ке өзіміз отын жасай білуіміз керек. Қазір бізде отын жасау жағынан компетенцияларымыз бар. Басқарушы кім болады? –Басқарушы – қазір жобалап жатқандай ҚАЭС компаниясы.

Әсет Махамбетовтың сөзінше, жоспардағы станцияға әрқайсының қуаты 1200 мВт болатын екі реактор орнатылмақ.

Әсет Махамбетов, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімінің басшысы:

2022 жылғы энергия тұтыну бойынша пик, ең көп қолданған мөлшері 16 300 мВт құрады. Ал біз АЭС 2035 ж қарай іске қосамыз деген болжамдамыз, соған таман тұтыну мөлшері де өседі, 23 000 мВТ жетуі мүмкін. Ал біз ойластырып жатқан АЭС қуаты 2400 мВТ болады. Ол бірыңғай электр жүйесінің, шамамен 10 пайыздайы болады.

Саябек Сахиевтің айтуынша, келешекте атом электр станциясынан алынатын энергияның үлесін арттыра беру керек. Ол үшін жоспардағы екі реактормен шектелмей, басқа да ядро қондырғыларын орнату қажет дейді.

Саябек Сахиев, ҚР ЭМ ядролық физика институтының бас директоры:

Қазақстанның халқы бірқалыпты орналаспаған, әр жерде әртүрлі шоғырланған. Сол себепті үлкен АЭС салу өте қажет. Бірақ болашақта кіші модельді жаңа реакторлар салу керек шығар деп ойлаймын.

Ал ол үшін алдымен өзіміз ғылымға сенім артып, түрлі қорқыныштан арылуымыз керек сияқты...


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу