Өңірлерде жылу желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде жылу желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асады

17.02.2023

Аймақтарда жылумен қамту желілері әбден тозған. Мектеп тапшылығы, жол сапасы, ауыз сумен қамту да әлі күнге дейін толыққанды шешілмей келеді. Бүгін өңірлерді дамытуға арналған Парламенттік тыңдауда осы секілді қордаланған мәселелер тағы бір пысықталды.

Дарын Сағитов, тілші:
Биыл бюджетте жылу желілерін жаңартуға қаржы қарастырылады. Өңірлерде желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асады. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып кеткен. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өңірлерде инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр деді Сенат төрағасы. Екібастұз, Рудный, Риддер қалаларындағы апат осының айқын дәлелі. Екібастұз — Ағадыр желісіндегі апаттың салдарынан бірден 6 облыста электр қуатын беру көлемі шектелді. Өкінішке қарай бұл апаттар кездейсоқ болған жоқ. Бұл осы саладағы қордаланған жүйелі проблемалардың көрінісі деді спикер. Жалпы электр стансаларының негізгіұ қондырғыларының тозуы 57 пайызға жеткен. Ал жекелеген өңірлерде бұл көрсеткіш одан да асып кеткен.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Шын мәнінде, қуатты өңірлер еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым міндеттерінің бірі деп белгілеп отырмыз.

Өңірлерде мектеп тапшылығы әлі де шешілмей келеді. Түркістан және Алматы облыстарында, Астана, Алматы және Шымкентте жағдай күрделі. 700-ден астам мектеп әбден тозған. Олардың төрттен бірі пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен ғимараттар. Инфрақұрылымның тозу проблемасы денсаулық сақтау саласына да бар. Осы мәселелерді шешу үшін «Жайлы мектеп» және «Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту» сияқты екі пилоттық ұлттық жоба қабылданды. Бұл мақсаттарға 3 трлн-ға жуық теңге қарастырылған. 2026 жылға дейін кемінде 800 мың орынға арналған нысандар салу көзделіп отыр. 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны және 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана салынуы тиіс. Сенат депутаттары бұл жұмысты бақылауда ұстайды. Өңірлерді дамытуға арналған Парламенттік тыңдау туралы толық ақпаратты алдағы шығарылымдардан көре аласыздар.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу