Жолдағы жемқорлықтан елорда тұрғындары тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдағы жемқорлықтан елорда тұрғындары тығырыққа тірелді

16.02.2023

Жолдағы жемқорлықтың кесірі Астанадағы жұрт "Лесозавод" атап кеткен шағын ауданның халқына да тиіп жатыр. Мұнда баспаналарды бұзу төрт жылдан бері сағызша созылып келеді. Тура осы аумақта айналма жол салу көзделген. Алайда, қаржының тапшылығынан ауқымды жоба уақтылы жүзеге аспай, жұрт тығырыққа тірелген. 

Нұржан Түктібаев "баспанаңыз бұзылады" дегенді төрт жылдан бері естіп келеді. Бірақ барлығы тек сөз күйінде. Қасымда тұрған көрші үйлер сүрілді, менікі неге қалды деп налиды. Екі жыл бұрын Лесозавод ықшам ауданында 14 үй бұзылған еді, алайда, жұмыс ары қарай жүрмей, тұрып қалды.

Ламбриан Топузидис, тілші:

Қызыл сызықта тұрған осы үйлер бұзылудың алдында тұр. Алайда, қаржы оған қазір қарастырылмаған. Алдағы үш жылда да болмауы мүмкін. Тиісті органдар нақты жауап бермегесін 170 шақты үй тұрғындары не істерін білмей шарасыз күйде қалып отыр.

Мұнда тұратын азаматтар қазір әрі-сәрі күйде. Үйлеріне не жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Не қосалқы үй-жай салуға мүмкіндігі жоқ.

Гүлшат Тілеуқұлова, қала тұрғыны:

Бұзатын болса, ертерек бұзсын. Болмаса, шынымен рұқсат берсін. Біз де қоршап алайық. Үйімізді басқаша қып салайық. Гаражымызды салайық. Көлік жөндейтін гаражымыз да жоқ, салайық десек, оған да рұқсат керек. Щырылдып отырғанымыз.

Жоба бойынша үйлердің орнына Әл-Фараби даңғылы мен Бейсекова көшесін жалғайтын жаңа жол салынуы керек. Теміржол үстімен көпір пайдалануға берілсе, жұрттың қалаға қатынауы жеңілдейді. Бұл «Кіші шеңберлі жол» жобасының бөлігі ғана. Ол Астанадағы көлік қозғалысының қарқынын төмендету мақсатында 2006-шы жылы қолға алынған. Ұлы Дала, Қошқарбаев, Әл-Фараби мен Бейсекова көшелері таңдалды. Кей жол учаскелерінде жұмыс жүріп жатыр. Ал теміржол маңында өтетін жолдың құрылысы әзірге басталмаған.

Александр Строчков, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК жетекшісі:

Қазір кіші айналма жолдың осы бөлігін аяқтауға қаражат жоқ. Оған 22 млрд теңгедей керек. Бұл жалғыз осы ықшам ауданға қатысты айтылып тұрған мәселе емес. Жоба шеңберінде Асан Қайғы көшесінде инженерлік желілер тарту, Сырдария көшесінде жер босату мәселелері өткір күйінде тұр.

Жол құрылысы қашан басталары белгісіз. Ең алдымен, жер телімдері ғимараттар мен бақшалардан тазартылуы керек. Ал жіпсіз байланған азаматтар үйлерінің келешек тағдыры не боларын білмей отыр.


Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу