Жетісу облысында кәсіп ашқан жастар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында кәсіп ашқан жастар көбейіп келеді

16.02.2023

Жетісу облысының Кербұлақ ауданында мемлекеттік бағдарламамен грант жеңіп, өз ісін дөңгелеткен жастар көбейіп келеді. Солардың бірі Сарыөзек ауылының тұрғыны Бекжан Оразбек. Ол мемлекет берген қаржыға пластикалық ыдыстарды нығыздайтын арнайы қондырғы сатып алған. Қазір ауыл-аймақтан пластик шөлмектерді жинап, осы шикізатты өндіретін кәсіпорынға жөнелтумен айналысады. Жас кәсіпкердің бастамасын жергілікті дәмхана мен мейрамхана иелері қолдап, түрлі сусындардан қалған ыдысты қоқысқа тастамай, оған өткізіп тұратын болған. «Бизнес бастау» жобасының түлегі бір жағынан өз нәпақасын тапса, екіншіден туған жерінің экологиясын сақтауға үлесін қосып келеді.

Бекжан Оразбек, кәсіпкер:

Шіруі ең көп ұзақ пластик боп есептеледі негізі. Қазір аудан орталығында тұр әзірше осы орнатқан прессіміз. Болашақта аудан бойынша, ауыл-аймақ бойынша жинағым келеді. Қаншама ауыл бар. Кербұлақ ауданы - үлкен аудан.

Былтыр Кербұлақ ауданы бойынша 40 адам мемлекеттік грантқа ие болған. Олардың тең жартысы 29 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ кәсіпкер атанғандар қатарында көпбалалы отбасылар да бар. Мал бордақылау, омарташылық, сұлулық салондарын ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жұмыссыздықты азайтып, шағын кәсіпкерлікті дамыту ісі ауданда биыл да өз жалғасын таппақ.

Мұхит Айтқұрманұлы, Кербұлақ аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

80 млн-дай қаржы бөлінді бүгінгі күнге. Соны енді қазір өткен жылы оқыған, Бастау-бизнес куәліктері бар адамдар және биылғы жылы бастау-бизнес куәліктерін алған адамдар қатысады.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу