Жетісу облысында түйе өсіруді қолға алған шаруалар көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында түйе өсіруді қолға алған шаруалар көбейіп келеді

09.03.2024

Жетісу облысы Қаратал ауданында түйе өсіруді қолға алған шаруалар көбейіп келеді. Ауданда ойсыл қара төлінің саны 140-тан асты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тағы да арта түспек. Себебі түйенің сүті мен етіне сұраныс бар. Жүнін де кәдеге жаратуға болады. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы түйе өсіріп отырған шаруалардың қыстан қалай шығып жатқанын біліп қайтты.

Түйе өсіру Табыс Ыбырайұлының ата кәсібі. Әкесі де атасы да кезінде түйе баққан. 2016 жылы небары 12 ойсыл қара төлімен ісін бастаған шаруа қазір түліктің санын 70-ке жеткізді. Жүнін маңайдағы көрпе-жастық тігетін тігіншілер алып кетсе, түйе сүті Талдықорғаннан артылмайды. Бірақ қазір сауып отырған жоқ. Өйткені қыста жем-шөп қымбат. Ал сапалы шұбат өндіру үшін малдың азық қоры мол болу керек.

Табыс Ыбырайұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:

Бір 10 гектар жеріміз болса өзіміз егіп, жем-шөбін егіп. Қазір қыста сатып, сауғанымызбен, ешқандай табыс ақтамай тұр да. Оны сатып аламыз, қайтып береміз. Ешқандай не болмай тұр. Енді өзімізден болса суармалы жер күшті, жақсы болайын деп тұр.

Шаруашылыққа барған қадамымыз құтты болып, бір түнде Табыстың екі түйесі боталапты. Ырымшыл азамат мүдірмеді.

Қазір қырда қар еріп, Табыс түйелерін жайылымға өзі шығарып бағып жүр. Ал суармалы жер мәселесінің жергілікті билік шешімі бар екенін айтады.

Қанабек Намазбаев, Қаратал аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы:

Жер қайтарылып жатыр. Жайылымдық жер де қайтарылып жатыр, суармалы жер де. Ол енді қалай конкурсқа түседі, соған қарай біз мына азаматтарға өтініш беруге керекті құжаттарды жинап, өткізіп, сол конкурсқа қатысып алуларына мүмкіндіктері бар.

Екі жылда бір боталайтыны ғана болмаса, түйе аса бір бапты қажет етпейтін жануар. Ит құсқа да көп алдыра бермейді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Маңмаң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан. Түйе өсіру де қазір тиімді кәсіп. Алдағы уақытта Қаратал ауданында тағы екі азамат Ойсыл қара төлін өсіруге бекініп отыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу