Қарағандыдағы Нығмет Нұрмақов атындағы мектеп оқушылары Қазақстан тарихын комикс арқылы оқи бастады. Алғашқы аннимациялық журнал Қазақ хандығы тақырыбына арналған. Оны 11 сыныптың балалары құрастырып, қолмен салып шықты. 20 беттік басылымды жарыққа шығару үшін авторлар 2 ай еңбектенген. Түрлі оқулықтарды оқып, киноларды көріп, мақалаларға шолу жасап, көп ізденген. Келесі санын Алаш қайраткерлеріне арнап отыр. Журнал 40 бет болады. Бұл жолы комиксті компьютермен салып жатыр. Жылына әртүрлі тарихи кезеңді қамтитын 4 санын жарыққа шығару жоспарланған.
Фатима Әмірзада, журналдың бірлескен авторы:Біз қазақша комикс жасағымыз келді. Өзіміздің ойымызды жазғымыз келді. Себебі қазақ тілінде бізде контент өте аз. Біз сол үшін қатты қынжыламыз. Осыны түзеткіміз келді.
Әсем Тарыбаева, Н.Нұрмақов атындағы мектептің тарих мұғалімі:Балалардың тарихқа қызығушылығын арттыру мақсатында шығардық. Сол мақсатқа жету үшін біз оны баланың тілінде түсіндіргіміз келді. Жасырын емес, қазір балалардың барлығы осы комикс, аниме жанрына қатты қызығады. Сабақта мен оны қолдануға тырысамын. Бірақ 45 минут бойы комикс түрінде сабақ жүргізбейміз. Себебі біздің өзіміздің мемлекеттік бағдарламамыз бар. Тек сабаққа қосымша ретінде.
Руслан Нұрланұлы