Бүгін халықаралық онкологиялық ауруға шалдыққан балалар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін халықаралық онкологиялық ауруға шалдыққан балалар күні

15.02.2023

Бүгін 15 ақпан – халықаралық онкологиялық ауруға шалдыққан балалар күні. Бұл - дертпен күресіп жатқан кішкентай қаһармандарға, олардың ата-аналары мен дәрігерлеріне құрмет күні. Өкінішке қарай Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың саны жыл сайын 10-15 пайызға өсіп барады. Бірақ отандық медицина заманауи әдіс-тәсілдердің арқасында кішкентай күрескерлерді аурудан толық ада қылуға қауқарлы. 

Гүлсім Имаш пен оның қызы бүгін чемпион. Айларға созылған ауыр сынақта үміт пен күдік алысып, төзімнің таяғына таянуға тура келді. Өйткені ең ауыр күресті бастан өткерді. Ол - өмір үшін күрес.

Гүлсім Имаш, Атырау облысының тұрғыны:

7-8 ай өтіп, аман-есен бітіріп, міне мерекеге сай чемпион болып, жеңіп шығып жатырмыз. Шынымен де жеңуге болады деген үміт берді. Көп-көп рахмет айтамын.

Қазақстанда онкологиялық аурулары бар балалар емделетін екі орталық бар. Біріншісі 1991 жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ашылды. 2010 жылы алғашқы онкологиялық бөлімше Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында іске қосылды. 2010 жылдан бастап орталықта 18 мыңға жуық науқас емделді. Бүгінгі таңда стационарда 140 бала бар.

Гүлшат Көшерова, онколог дәрігер:

Лейкозбен ауыратын балалар жылына 240-280-ге дейін жетеді. Егер лимфобластық лейкоз болса, 60-80 процент айығып кетеді. Мелобластық болса, 60 пайызға дейін жетеді.

Отандық медицина дамып келеді. Онкологиялық ауруларды емдеуге арналған көптеген әдістер бар. Олардың ішінде химиотерапия, ілеспе сәулелік терапия, сәулелік терапия, сүйек кемігін трансплантациялау және тағы басқалары бар. Дәрігерлердің айтуынша, дер уақытында ем-дом алып, күрескен кішкентай қаһармандар үлкен жеңіске жетеді. Онкологиялық ауру - үмітті үзер үкім емес.

Азамат Мадина


Хабарламаларға жазылу