Түркиядағы құтқару жұмыстары аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы құтқару жұмыстары аяқталуға жақын

14.02.2023

Түркиядағы жер сілкінісі болған аймақта іздеу-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір құтқарушылардың негізгі бөлігі апаттан ең қатты зардап шеккен Кахраманмараш пен Хатайға шоғырланған. Зілзаладан кейін тоғызыншы күн болса да құтқарушылар әлі де үйінді астынан тірі адамдарды алып шығуда. 

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Газиантеп қаласының маңындағы Нұрдағы қаласы толықтай қиратылып, жаңадан салынатын болды. Бұл ақпаратты Түркияның Қоршаған ортаны қорғау және қала салу министрлігі мәлімдеді. Министрлік таратқан ақпаратқа сай жер сілкінген облыстарда барлығы 236 мың ғимаратты арнайы комиссия тексерген. Оның нәтижесінде жер сілкінісі әсер еткен 13 облыста 42 мыңға жуық ғимарат толықтай қирағаны немесе құлауға жақын екені анықталды. Бүгін Адана қаласында іздеу-құтқару жұмыстары толық аяқтады. Енді үйінділерді жинау жұмыстары басталады. Газиантеп қаласында да құтқару жұмыстары аяқталуға жақын.

Егер құтқару жұмыстары аяқталса біздің құтқарушылар осы аптаның соңында елге қайтуы мүмкін. Нақты қай күні екені бүгін-ертең белгілі болады. Осы тұста құтқарушыларға қатысты бір танымдық ақпарат айта кеткім келіп тұр. Инемен құдық қазғандай деген сөздің ауыспалы мағынасы білім алу болса, тура мағынасы осы құтқарушылардың жұмысына қарата айтылғандай. Себебі үйінді астындағы тірі адамға зарар бермей алып шығу үшін ешқандай ауыр техника қолданбай бірнеше метрлік бетонды тесіп, күрекпен қазу оңай емес. Осы жерде айта кету керек көп адамдарда неге бетондарды кранмен көтеріп адамды алып шыға салмайды деген жаңсақ пікір бар. Жүздеген тонна бетонның астында жатқан адам бір жерде қысылып жатуы мүмкін немесе бетонды кранмен көтергенде қуыста жатқан адамның үстіне ауыр тас немесе бетон сынығы сияқты бір нәрсе құлап кетуі мүмкін. Сондықтан құтқарушылар үйінді астында тірі адам жоқ екеніне толық көздері жеткен соң ғана ауыр техниканы қолдана бастайды. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын нағыз ерлік деп санауға болады.


Хабарламаларға жазылу