«Павлодарэнерго» бас директоры жұмыстан шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Павлодарэнерго» бас директоры жұмыстан шығарылды

11.02.2023

«Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының бас директоры жұмыстан шығарылды. Екібастұз қаласын жылумен жабдықтау мәселесі шешілмегеніне екі айдан асты. Төтенше жағдай кезінде жедел штабты басқарған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр бүгін шаһарға арнайы барды. Алдымен жылу электр орталығында болып, кәсіпорын басшылығының есебін тыңдады.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Бүгіннен бастап сізді жұмыстан шығаруды талап етемін. Жеке меншік компания екендігінде шаруам жоқ. Қалайша бірінші басшы жылыту маусымының аяғына дейін біз ештеме істей алмаймыз дейді. Егер сіз өз жұмысыңыздан нәтиже боларына сенбесеңіз, онда бұл жұмыспен менің өзім және облыс әкімі шұғылданады.

Іле Премьер-Министрдің бірінші орынбасары телефон арқылы Вадим Лесинді жұмыстан қууды компания акционері Сергей Канға жүктеді. Ал аяқасты бос қалған қызметті уақытша Орталық Азия энергетикалық корпорациясының басшысы Бағдат Оралдың өзі атқарады.

Қазір жылу электр орталығында 6 қазандық жұмыс істеп тұр. 66 градус температурада жылу береді. Ақауларды жөндеуге 130-дан аса адам жұмылдырылған.

Роман Скляр қаладағы бірнеше мектеп пен балабақшада болды. Қала әкімі Аян Бейсекин келер аптаның дүйсенбісінен бастап мектептер сабақты офлайн режимінде өткізуге дайын болады деп мәлімдеді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу