Құбыры бар газы жоқ, құдығы бар суы жоқ. Мұндай жағдайға Түркістан облысының Сауран ауданындағы Ескі Иқан ауылы тап болды. Бұл елдімекенге орталықтандырылған су жүйесін салу үшін 10 жыл бұрын бюджеттен 800 млн теңге бөлінген. Ал газ құбырларын тартуға 1 млрд теңге берілді. Ақша игерілді, бірақ тұрғындар әлі күнге дейін таза су мен көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр.
Ескі Иқан тұрғындары қазір ауыз суды Кеңес үкіметі кезінде тартылған ескі құбырдан алып отыр. Оның өзі 3 жерден ғана ағып тұр. Көлемі аз болғандықтан су тәулігіне 3 сағат қана беріледі. 20 мың халық тұратын ауылда 10 жыл бұрын жаңа су жүйесі орнатылған. Бірақ ұңғымадан су шықпай, салынған құбырларлар шіріп жатыр.
Саид Рустамханов, Ескі Иқан ауылының тұрғыны:
- Ауыз сулар жүргізіліп, осы жолдың бойынан қазылып, қазба жұмыстары жүргізіліп, құбырлар тасталып, оны халықтың бәрі көрген көзімен. Бірақ көзімен көргенмен де, ол құбырлардың біреуі жұмыс жасамайды. Мемлекет қарапайым халыққа жекешеге ауыз су шығаруға, құдық қаздыруға рұқсат жоқ.
Ескі Иқан тұрғындары көгілдір отынның да игілігін көре алмай отыр. 5 жыл бұрын газ құбыры тартылса да, әлі күнге дейін үйді көмір жағып жылытады.
Жахонгир Сәйдазимов, Ескі Иқан ауылының тұрғыны:
- Газды тексеру жылда бір-екі рет болады. Нақты газдың қашан келетіні, қашан жағатынымыз белгісіз. Көмірді тасып жағамыз. Сол бүгінгі күнде көмірдің бағасы 32 мыңнан 35 мыңға дейін.
Су және газ құбырларын кезінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қабылдап алған. Бөлінген қаржы мердігерлерге толық төленген. Бірақ су да, газ да әллі жоқ.
Әбдісаттар Расулов, Ескі Иқан ауылдық округ әкімінің орынбасары:
Ауылдық округтен 520 метр тереңдікте екі ұңғыма қазылған. Одан шыққан су ішуге жарамсыз деп қортынды бергеннен кейін судың дебиті жетпей қалды. Су шықпай қалды құдықтан.
Ал газ құбырын тартқан мердігер ақшаны алғанымен, жұмысты шала-шарпы атқарған. Құрылыс кезіндегі кемшіліктерді 5 жылдан бері жоймай жүр.
Нұржан Түймебаев, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ облыстық филиал директоры:
Атқарушы техникалық құжатының 23 пунктінің 17 пункті жетіспейді. Жәнеде мынау техникалық жағынан қысымдау жұмыстары жасалмаған. Енді қысымдау жұмыстары жасалмағаннан кейін ол жерге газ жіберу мүмкін емес.
Қиналған қарашаның газға қашан қол жеткізетіні әзірге белгісіз. Таза ауыз су мәселесі де қашан шешілетінін дөп басып айту қиын. Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылық басқармасы халықты таза ауыз сумен қамтуға қайта қаржы бөлінетінін жеткізді.
Айнұр Әбілқасымқызы