Атыраулықтар үш күн бұрын болған ақтүтек боранның салдарымен әлі де күресіп жатыр. Бастапқыда бір тәулік бойы тоқтаусыз жауған қалың қарды күреуге коммуналдық қызметтің шамасы жетпеді. Жауапты мекеменің дайындығы шала болып, қатынас қиындады. Қазір жұмыс күшейтілген режимге көшті. 350-ден астам жұмысшы мен 100-ге жуық техника қар тазалауда. Әкімдіктің қауқары жетпеген соң, мұнай компаниялары мен жол құрылысына жауапты мекемелер қосымша көмек беріп жатыр.
Алмас Ізтілеуов, «Арнаулыавтобаза» ЖШС директоры:
Мұндай қардың көлемін көрген жоқпын. Мына қар бір тәулік жауды. Бір күннен кейін тағы соншама қар жауды. Сол қиындық тудырды.
Бораннан кейін 33 шағын аудан жарықсыз қалған еді. Бүгінде елді мекендерге электр энергиясы берілді. Барлық бағыттағы жолдар ашылды. Қазір коммуналдық қызмет қала іргесіндегі бірнеше елді мекенді қар құрсауынан құтқару үшін күш салып жатыр.
Жандос Темірғали