АҚШ әскерилері: Қытайдың бірнеше аэростаты бұған дейін де Америка аспанынан өткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ әскерилері: Қытайдың бірнеше аэростаты бұған дейін де Америка аспанынан өткен

09.02.2023

Барлау шарына байланысты туындаған жанжал ушығып барады. АҚШ әскерилері Қытайдың бұған дейін осындай бірнеше аэростат Америка үстімен өткенін мәлімдеді.

Барлау шарына байланысты туындаған жанжал ушығып барады. АҚШ әскерилерінің сөзінше, Қытайдың бірнеше аэростаты бұған дейін де Америка аспанынан өткен.

Әуе шарына қатысты дау АҚШ пен Қытай арасында кәдімгі ақпараттық соғысқа ұласқандай. Бүгін Американың лауазымды тұлғалары бірнеше кездесу өткізді. АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары 150-ге жуық шетелдік дипломатты жинап, ақпарат берсе, Бейжіңдегі АҚШ елшілігі тіпті, екі күн қатарынан өзге мемлекеттердің елшілерін шақырып, Қытайдың әрекетін сынаған. Ал осыдан төрт күн бұрын Тынық мұхиты жағалауында атып түсірілген әуе шарының қалдықтары су түбінен әлі толық көтерілмеген.

Патрик Райдер, Пентагон баспасөз хатшысы:

Әуе шарын шығару жұмыстары еш қиындықсыз жалғасуда. Сүңгуірлер мен жарылғыш заттар жөніндегі техниктер жұмыс істеп жатыр. Федералды барлау бюросы қалдықтарды сұрыптап, әрі қарай өңдеу үшін әзірлеуге кірісті. Қалпына келтіру операциясы туралы алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз.

Қытай қанша жерден әуе шары ауа райын бақылау үшін пайдаланылды деп ақталса да, Пентагон оның жүз пайыз тыңшы құралы екеніне сенімді. Өйткені судан шығарылған аэростаттың қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталғаны анықталған. Десе де екі ел арасындағы тартыс бір әуе шарымен бітпейтін секілді. Әскерилер бұған дейін дәл осындай кемінде үш аэростат Америка аумағымен өткенін мойындады. Ал The Washington Post-тың хабарлауынша, соңғы бес жылдан бері Қытайдың осындай ондаған барлау шары АҚШ шекарасын кесіп өткен болуы мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу