Түркияның Газиантеп қаласынан 18 азамат елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның Газиантеп қаласынан 18 азамат елге оралды

08.02.2023

Түркияның Газиантеп қаласынан ұшып шыққан арнайы рейс Астана әуежайына қонды. Құтқарушыларды апарған ұшақпен 18 азамат елге оралды. Оның 16-сы қазақстандық, тағы 2 адам қырғыз азаматы. Дүмпу ошағынан келгендердің бірі - Айбөбек Нарбекқызы. Жергілікті кілем фабрикасында жұмыс істейтін отандасымыз Газиантепте 5 жылдан бері тұрып келген. Жер сілкінген уақытта үйден қашып шығып, жұмыс орнына барған. Айтуынша дүмпудің қатты болғаны сонша тұрғындар жеңіл киіммен далаға шығып кеткен. Ол қазір Түркия әуежайларында басқа елдерге ұшып кетіп жатқан адам көп екенін айтады.

Айбөбек Нарбекқызы, Қазақстан азаматы:
Ғимараттар қирап жатыр. Сол ғимараттың астында қалып кеткен әріптесім бар. Бүгін кешке өлі денесі табылды. Үш сөзбен айтып жеткізе аламын. Біріншісі: түсінбеу, түсінбейсің не болып жатқанын. Екіншісі: қорқыныш, өзіңнің өміріңе, жолдасыңның өміріне, жақындарыңның өміріне. Үшіншісі: сол жағдайды қабылдайсың. Енді жер сілкінісі біткеннен кейін қайту керек. Жұмыс күтіп тұр.


Хабарламаларға жазылу