Түркияда құтқарушылар үйіндінің астынан үш бала мен анасын құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда құтқарушылар үйіндінің астынан үш бала мен анасын құтқарды

07.02.2023

Үйінді астында қалған адамдарды құтқару уақыт өткен сайын қиындап барады. 15 мыңдай құтқарушы күн-түн демей қираған ғимараттарды тазалап жатыр. Апат болған аймақтағы соңғы ақпараттарды білу үшін Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлын тікелей эфирге қосайық. Айдос соңғы ақпараттармен бөліссеңіз.

Айдос Әшімұлы:

Түркияның оңтүстік шығысында болған қуатты жер сілкінісіне бір тәуліктен аса уақыт өтті. Құтқарушылар үшін ең маңызды алғашқы 24 сағат. Себебі бұдан кейін үйінді астындағы адамдардың аман қалуы екіталай. Дегенмен сүйінші хабарлар да келіп жатыр. Жаңа ғана Газиантеп қаласында үйінділер астынан анасы мен үш баласы шығарылғаны туралы ақпарат жетті. Бұдан бөлек Қахраманмараш қаласында да 24 жастағы қыз құлаған ғимарат астынан аман есен шығарылған. Осындай жаңалықтарды естіген тұрғындар бір қуанышты хабар естіп қалармыз деген үмітпен үйінділердің маңайында күндіз-түні күтіп жүр. Оның үстіне Түркияда соңғы екі-үш күн бойы жаңбыр мен қар толассыз жауып тұр. Ауа райының қолайсыздығы да құтқарушыларға кедергі келтіріп жатыр.

 Жаралылар көрші облыстарға жөнелтіліп жатыр

Айдос Әшімұлы:

Үйінділер астынан шығарылғандар бірден жедел жәрдем көлігімен ауруханаларға жеткізілуде. Апат болған аймақтардағы ауруханалар толы болғандықтан, жаралылар көршілес облыстардағы ауруханаларға әкетіліп жатыр. Ал жағдайы ауыр болғандар арнайы медициналық ұшақтармен және кемелермен Анкара, Ыстамбұл, Мерсин сияқты ірі қалаларға да жеткізілуде. Соңғы ақпараттарға сай бүгін түнде Ыстамбұл ауруханаларына әскери ұшақпен 45 жаралы жеткізілді. Жараланған он бес мыңнан асты.


Хабарламаларға жазылу