Алматы және Жамбыл облыстарында күн күрт жылып, кейбір елдімекендерге су басу қаупі төнді. Құтқарушылар түні бойы еріген қар суының бағытын бұрып, бес ауылды су тасқынынан сақтап қалған. Екі аймаққа Төтенше жағдайлар қызметіне қарайтын 200 маман мен 45 техника жұмылдырылыпты. Түркістан облысында да құтқарушылар су тасқынымен апта бойы арпалысқан еді. Қазір жағдай тұрақтала бастаған. Сырдария, Арыс және Бөген өзендеріндегі 14 су бекеті жұмыс істеп отыр.
Өткен аптада ғана Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Қазақстан су тасқынына дайын емес» деп, 13 аймаққа қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген еді. Олардың ішінде осы үш облыс та бар. Жылда ТЖМ ескертіп жатады. Бірақ көктем сайын көретін көрініс осы: үйлерге су кіріп, қора-қопсы құлайды, мал қырылады, жұрт жанын шүберекке түйіп қызыл судан қашады. Айнұр Ақбаева Түркістан облысында жағдай қалай болғанын баяндап береді.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Таудан аққан қар суы түнгі сағат 3:00 шамасында Абай ауылына жеткен. Ал таңғы 6:00 шамасында көшелерден көл болып ағып, тұрғын үйлерге лап қойған. Мұндайды күтпеген ауыл тұрғындары абдырап қалғандарын айтады. Болмаған соң өздері жабылып, күректермен суларды бөгеп, адамдарды үйлерден шығарып алған.
Тасқын судан, әсіресе Сауран ауданындағы алты елдімекен зардап шекті. Қырдан келген қызыл су көл болып жайылып, көшелерде арық болып ақты.
Қайырхан Ермаханұлы, Бабайқорған ауылының тұрғыны:
Әкім жиналысында дәл осы мәселе көтерілген еді. Сақадай саймыз деген. Қайда? Халық абдырап қалды, бәрі көшеге шығып тұр. Мал жанын не істейміз, адамдарды не істейміз деп бас қатты. Тауда қардың қалың екенін білді, ауа райы туралы неше күн бойы жарияланды.
Табиғаттың тосын мінезінен өңірдің Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Бәйдібек, Сауран аудандарында қора жайлар құлап, үйлерді су шайып кетті. ️Облыстық маңызы бар ондаған жолдар бұзылып, көлік қозғалысы тоқтатылды.
Бұл оқиғаның Бәйдібек ауданындағы Шаян-Мыңбұлақ бағытындағы жолда болғаны анықталды. Абырой болғанда, аяғы ауыр келіншек те, өзге жолаушылары да жергілікті азаматтар мен ауыл әкімінің арқасында аман қалды. Қарғын судан Бәйдібек ауданындағы алты елдімекенде арық- атыздардан су толып ағып, жан жаққа жайылды. Үйлердің аулалары суға толып, қора жайлар құлады. Мал шығыны да бар.
Бәйдібек ауданының тұрғыны Әбдіразақ Төреқұловтың бұл қорада жеті жүзге жуық уақ малы қамаулы тұрған. Тасқын кезінде қойлары тұншығып, біразы өліп қалыпты. Суда тұншыққан тағы 150 бастай малы әлсіз күйге түсіп, суықтап қалды дейді шаруа.
Әбдіразақ Төреқұлов, шаруа:
Су қораның артқы жағынан кіріп, ішін толтырып тастады. Содан малды айдап шықтық. Содан кейін су деңгейі іртасынан асып кеткеннен кейін кейбір мал тұншығып өлді. Одан кейін қырда айдап бара жатқан тағы 13 бас өлді.
Ал Арыс қаласында Қабылсай арнасында су дейгейі күрт көтеріліп, тұрғын үйлерге жайылған. Қала тұрғындарының бірі Раманқұл Түйтебаев түс кезінде басталған тасқын кешке қарай тіпті күшейе түскенін айтады.
Табиғат апатына қарсы 170-ке жуық құтқарушы жұмылдырылды. Оларға іргедегі әскери бөлімнің 200-ге тарта сарбазы көмекке келді. Су жайылу қаупі бар аймақтарға 8 мың қап құм төселді. Қазіргі таңда жауын мен еріген қардан жиналған су Қабылсай арнасы арқылы Арыс өзініне құйылуда. Оның деңгейі кешегіге қарағанда 1,5 метрдей төмендеген. Тасқыннан зардап шеккен Қарнақ пен Шаға ауылдарының тұрғындары да енді ес жиып жатыр. Қарғын судан қашқандар қазір туыстарын паналап отыр. Енді бірі үйлеріне оралып, қираған қора жайларын қалпына келтіруде.
Назакат Өмірзақова, Шаға ауылының тұрғыны:
Екі баламның үйіне тасқын кірді. Немерелерім, келіндерім - бәрін көшіріп әкелдім үйіме. Үкіметтен жәрдем сұраймын. Көмірі де, ағашы да қалмаған. Үйлері жарылайын деп тұр. Еден суға толып қалған. Өздері несие алып, зорға күнін көріп отыр еді.
Арнайы жұмылған топтар құм толтырылған қаптармен сулардың жолын бөгеп, тұрғын үйлерде су сору жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі де қиналған жұртты демеп, су шайған ауылдарды аралап шықты. Өңір басшысы дайындық бар болғанымен, табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмағанын мойындады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
Техникалар және қаптар, құм – бәрін дайындап қойғанбыз. Бірақ жауын-шашын нормадан асып кетті. Сол қиын боп тұр. Сосын іргетасы төмен үйлерді су шайып кетіп жатыр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, төтенше жағдай облыстың 21 елдімекенінде орын алған. 250-ге жуық үй мен әлеуметтік нысандардың ауласына су кіріп,алпысқа тарта уақ мал қырылған. 200-ден аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. 4 эвакуациялық орталық ашылып, оқушылар онлайн оқуға ауысты. Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 450-ге жуық адам жұмылдырылып, 71 мехника мен 43 мотопомпа тартылды. Арнайы штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Сондай- ақ аймаққа Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин арнайы жұмыс сапарымен келіп, жауаптылармен кездесті.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Өзбекстаннан келіп жатқан судың көлемі жылдағыдан көп болып тұр. Шардарада қазір жиналып тұрған судың көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Сондықтан қазір судың біраз бөлігі Арнасайға ағызылуда. Егер көрші елдегі ауа райы біздегідей жауын-шашынды болып, күн жылып кетсе, Шардараға келетін судың көлемі артып, қауіп төндіруі мүмкін.
Сала мамандары өңірде әлі де қауіп сейілмегенін айтады. Себебі таулы аймақтарда әлі қалың қар бар. Нөсер жауын жауған жағдайда, тасқын болуы ықтимал деген божам айтуда.
Айнұр Ақбаева