Еліміздің тағы 9 облысына тасқын қаупі төніп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің тағы 9 облысына тасқын қаупі төніп тұр

25.03.2018

Алдағы аптада еліміздің тағы 9 облысына тасқын қаупі төніп тұр. «Қазгидромет» өңір тұрғындарына осындай ескерту жасады. Синоптиктердің болжауынша, ертеңнен бастап 30-на дейін Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында қар еріп, өзендер арнасынан асып, ауылдарды басуы мүмкін. Алдағы екі күнде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында су басу қаупі бар. Сырдария өзені де өрекпіп тұр, арнасынан асуы кәдік.

Ал, өткен апта жұртты жұпыны күйге түсірген Шығыс Қазақстандағы табиғи апат есеңгіреген ел-жұрттың әлі үрейін туғызып тұр. Соған байланысты облыстық жолдар жабылып қалды. Осы орайда, апта соңында облыс әкімі аймақтағы Глубоковский ауданына барды. Өңір басшысы су астында қалған көпірді көріп, сол маңда жандарын шүберекке түйіп тұрып жатқан тұрғындармен көрісіп қайтты. Жағдайды өз көзімен көрген Даниал Ахметов қауіптің бетін қайтаруға қатысты қам жасалып жатқанын жеткізді. Тасқын судың қайраты қайтқан соң, баспанасыз қалғандарға жаңа үй берілмек.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу