Президент елордадағы созылып кеткен ЖЭС құрылысы жобасын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент елордадағы созылып кеткен ЖЭС құрылысы жобасын сынға алды

05.02.2023

Қазақстанның бас қаласының проблемалары осы апта Ақордада талқыланды. Астананы дамыту бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген кеңесте бас жоспардан бастап қаладағы кептеліске дейін көтерілді. Халық саны өсіп жатыр. Тұрғындар көбейген сайын баспанаға да сұраныс артатыны – заңдылық. «Астана» десе, үнемі құрылысы тоқтамайтын қала көз алдымызға келеді. Бас қаланың дамығаны жақсы, әрине. Бірақ құмырсқаның илеуіндей құжынаған көпқабатты үйлердің қаласына айналып бара жатқаны халықты қынжылтады. Үй көп, маңайында не балабақша, не мектеп, не емхана жоқ. Әлеуметтік нысандар қарастырылмаған тұтас шағын аудандар салынып кетті. Салдарынан халық басқа ауданға сандалады. Жаңадан салынған қалада халық үшін ең қажет нысандар әу баста неге жоспарланбады? Неге жүйе жоқ? Айтпақшы, осы кеңеске Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов те қатысты. Есеп те берді. Дегенмен, бұл сұрақтар риторикалық күйінде қалатын сыңайлы. Ал жаңа әкім Жеңіс Қасымбектің алдында үлкен міндеттер тұр.

Мәселен, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту керек. Президент әкімдіктің 10 жыл бойы үшінші ЖЭО-н іске қоса алмай келгенін сынға алды. Қайта-қайта кейінге шегерілген жоба құны 53 млрд теңгеге өсіп кетті. Жылу энергиясының тапшылығы да сезіле бастады.

Елорданы дамыту бойынша бас жоспардың бірнеше рет бұзылуына басты себеп - халықтың тез өсетіні ескерілмегені. Қанша «арман қала» деп ән арналғанымен, суық астанаға адамдар бұлай ағылатынына сәулетшілер сенбеген сияқты. Өйткені әу баста 2030 жылға қарай бас қала тұрғындарының саны 800 мыңға ғана жетеді деген болжам болған. 2020 жылдың өзінде 1 миллионнан асып кетті. Ал 2030 жылға қарай 2 млн адамға жетуі мүмкін. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Бас жоспарды өзгерту туралы тапсырма беріп отыр.

Осы Бас жоспарға қатысты кейбір тарихи деректерге тоқталып өтсек. 1996 жылы байқау жарияланып, Қазақстаннан 17 шығармашылық топ қатысады. Серік Рустамбеков, Баир Досмағанбетов, Сәрсен Жүнісов сияқты сәулетшілер бастаған ұжым бас жоспардың алғашқы нұсқасын әзірлейді. Бірақ 1998 жылы үкімет әлемдік сәулетшілерге жүгінуді жөн санап, тағы да байқау жариялайды. Оған Қазақстаннан бөлек Еуропаның, Азияның және Австралияның 19 елінен танымал архитекторлар қатысады. Қазылар алқасы әлемге әйгілі жапондық сәулетші Кисе Курокава ұсынған жобаны «үздік» деп бағалайды. Курокаваның басты идеясы әдемі ғимараттар мен табиғатты үйлестіру еді. Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендерінің арнасын бойлай эко-дәліз, ал Астананың айналасына эко-орман өсіруді де қажет деп есептеген. Осылайша, жасыл желек Астананы жазғы құрғақшылықтан, ал қыстыгүні аяздан, бораннан сақтайтынын алға тартқан. Дегенмен, уақыт өте келе жапон сәулетшісінің идеяларын да түзетуге тура келеді. Өйткені Астана қаласының Аймақтық жалпы ішкі өнімі 2006 жылдың өзінде Курокаваның 2030 жылға жасаған болжамынан екі есеге асып түсті. Сөйтіп, жапон сәулетшісі сипаттаған Астана экологиялық қағидаттардан бұрын экономикалық себептерге көбірек мән беретін қалаға айналды.

Халық көбейген сайын бос жердің бәріне үйлер салына бастады. Алғашқы жылдары елордадан пәтер аламын деп жанталасқан халықтың үлескерлік құрылысқа ұрынғаны да бар. Бұл мәселе әлі де өзекті. Президент төрт мыңға жуық үлескердің проблемасын Үкіметке жылдың соңына дейін шешуді тапсырды.

Тоқаев заңсыз салынып жатқан үйлер, көлік тұрақтары, автобустар мен аялдамалар тапшылығын да айтты. «Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті», - деді Президент.

Өткен жексенбі ғана «Апта» бағдарламасында Астанада ғана емес, Қазақстан бойынша автобус жүргізушілері жетіспейтіні айтылған еді. Бас қаланың басты проблемаларын Асылбек Данияр талдайды.

Елорда жыл сайын өсіп келеді. Халқы да көбейіп жатыр. Сәйкесінше, қажеттілігі де арта түсуде. Бір сыпырапасы мыналар: жылу, су, мектеп, балабақша, аурухана, баспана. Тұтас алғанда Астананың инженерлік инфрақұрылымын дамыту керек. Мемлекет басшысы әкімдіктің 10 жылдан бері үшінші жылу электр станциясының құрылысын созбалаққа салып жүргенін сынға алды. Жобаны аяқтау мерзімін бірнеше рет шегерген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде, қазір елорда 300 гигакалорийден астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін ЖЭС-3-тің бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тиіс.

Асылбек Данияр, тілші:

Астананың ажарын құртып тұрған – ескі, апатты жағдайдағы үйлер. Саны екі жүзден асады. Мысалы мына жер үйлердің бәрі өткен ғасырдың көзі. Әрине, тарихи деп айтатын жәдігер емес. Халықта да қимастық жоқ. Тілек бар. Жаңа баспанаға қол жеткізсек, деген.
Қартай Бейсенов Асан Қайғы көшесінде 35 жылдан бері тұрады. 2003 жылы Астана қаласы әкімі үйінің сүрілетінін айтып ескертеді. Алайда ешқандай әрекет болмаған соң ескі үйін бұзып, жаңасын салған.

Қартай Бейсенов, қала тұрғыны:

Адамдардың көңілі қала бастады. Бір бөлігі кетеді, ал бір бөлігі кетпейді дейді, бұл қалай болады? Жаз болса, биыл кетеміз бе екен деп ойлана бастаймыз? Ағаш-көмір алып, қысқа дайындалу керек пе деп тағы ойланамыз.
Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүру жұмысы тоқтап қалған. Салдарынан берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті. Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ бес жылдың ішінде ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған. Жаңалары да оңып тұрған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360-тан астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет.
Қала «Астана» статусына ие болғалы, бас жоспар үш рет өзгерді. Ең соңғысы – 2030 жылға дейінгісі. Қазір ол жарамсыз. Өйткені, жоспар 1 миллион 200 мың адамға шақталып жасалған. Экономистердің тұрғындар санына жасалған болжамы былтыр орындалып қойды. Тәуелсіз урбанист Ұлыбек Қимановтың айтуынша, бас жоспар әу баста дұрыс құрастырылмаған. 

Ұлыбек Қиманов, тәуелсіз урбанист:

Бас жоспардың құрамында әр учаске бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болады. Мұндағы негізгі басты мәселе – олардың бір-бірімен үйлеспеуі. Бас жоспар басқа жақта, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы басқа жақта. Бір-бірімен үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Бізде жолдарды кеңейту керек деген түсінік бар. Мысалы, бір жолақ қосса, құдды бір кептеліс азайып қалатындай көреді. Әсері әрі кетсе бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Сосын қайтадан сол қалыпты жағдайға ораламыз. Дұрысы – қоғамдық көліктерді, велосипед жолдарын, автобус жолақшаларын көбейту керек.
Асылбек Данияр, тілші:

Бұдан бұлай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай қатаң тапсырма жүктеді. Үйлердің маңайы былай тұрсын Министрлер үйінің маңайына көлік қоюдың өзі машақат. Бәрі машинаға орын таппай әуре-сарсаңға түсіп жүреді.
Автотұрақтың жоқтығы ата-аналарды да алаңдатады. Алаңдайтынындай бар. Абыр-сабыр болған жерде балама бірдеңе болып қалмаса екен деген ой жиі мазалайды. Ауласы көліктен көз ашпайтын тұрғындар әкімдіктің алдын талай жағалап, табалдырығын тоздырғанмен, нәтиже жоқ деп жыларман күйде жүр.
 
Гуля Әбдірова, қала тұрғыны:

Бұл негізінде кварталішілік жол деп аталады. Үйдің солтүстік бөлігінде қақпа бар. Ал бұл бөлігі тек осы қалашықта тұратын адамдарға арналған. Әрбір үйде кемі 100 көліктен бар. Одан бөлек, таңертең және кешке осы жердегі мектеп пен балабақшаға балаларын тасиды. Автотұрақ жоқ, сосын жолдың бос жеріне көлігін қоя салады. Қауіпсіздік талаптары да сақталмаған.
Астана қалалық полиция департаменті мынадай ақпаратты бөлісті. Жыл басталғалы көлігін белгіленбеген жерге қойған адамдардың үстінен 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықтаған. Көлік жүргізушілеріне 407 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. 247 автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Астанада 430 мыңдай көлік бар. Одан бөлек, күніне қалаға 100 мыңнан аса көлік кіріп шығады. Бұл сан алдағы 12 жылда екі есе көбейеді, дейді мамандар.

 Асылбек Данияр, тілші:

Тұрғындардың жүйкесіне тиіп біткен – көлік кептелісі. Таңертеңгі қарбаласта да, түскі үзілісте де, кешке үйге асыққанда да осы мәселе. Әсіресе, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік даңғылында бұл көз үйреншікті жағдай. Салынып жатқан көпірлердің сыйқы мынау. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр, деді Президент.
Асылбек Данияр, тілші:

Бұл қаланың 2000 масштабтағы кішірейтілген макеті. Мұнда ақ және көк түспен боялған ғимараттарды көруге болады. Көктері әлі салынбаған және жоспарланбаған. Ақтары пайдалануға берілгенде және пайдалануға берілгендер. Ал қазір біз сіздерге қазір жобасы әзірленіп жатқан 2035 жылға дейінгі бас жоспарды көрсетеміз. Экономистердің пайымынша, 2035 жылы халық саны 2,3 миллонға жетуі мүмкін. Осы кезде сұраныс тұрғын үйге артады. Бұл жерде сол уақытқа дейін берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемі 68,2 миллион текше болады.
«Астана қаласының бас жоспары» ғылыми жобалау институының бас сәулетшісі жаңа жоспарда кемшіліктердің бәрі түзетілетініне сенімді. 12 жылдың ішінде 158 мектеп, 39 медицина орталығы, бірнеше балабақша салынады. Сонымен бірге, 2500 шақырым жол салу көзделген.

Бекзат Әділов, «Астана қаласының бас жоспары» ҒЖЗИ бас сәулетшісі:

Қалада көлік кептелісін жеңілдету үшін біздің жоспар бойынша Тәуелсіздік даңғылындағы көпірді осы жылы аяқтау керек деп болжанып отыр және қосымша бес көпір салыну керек деп есептеп отырмыз. Бүкіл шағын аудандар біркелкі дамуы үшін қаламызды 149 секторға бөліп қарастырамыз.
Хош, тұрғындарының саны өсуіне медицина инфрақұрылымы ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды, деді Президент. Балалар емханасы мен ауруханаларының да ахуалы оңып тұрған жоқ. Оған медицина кадрларының тапшылығын қосыңыз. Мектептер мен балабақша жетіспеушілігі айтпаса да түсінікті. Ол да кеше-бүгін пайда болған проблема емес.

Асылбек Данияр, тілші:

Президент Үкіметке урбанистер, сәулетшілермен бірлесіп, бас жоспарды түзеп, тың тәсілдерді қолдануды тапсырды. Бастысы: қала халық үшін барынша жайлы болуы тиіс. Бірінші кезекте бұл міндет жаңа әкімге жүктеледі. Сонымен, 2035 жылғы Астананы қалай елестетеміз? Бізге қызығы осы. Ал әзірге қала тұрғындары жемқорлықтың басты ескерткіші есептеліп кеткен құрылысы аяқталмаған ЛРТ, кептеліс, ретсіз, тығыз салынған үйлер сияқты көз үйренген көрініспен өмір сүре тұрады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу