Америка аумағымен ұшқан Қытай шары екі жақты байланысты шиеленістіре бастаған секілді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы демалыс күндері Қытайға жоспарланған ресми сапарын тоқтатты. Себебі, америкалық әскерилер қытай шарды тыңшылық жасау үшін әдейі жіберді деп айыптап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Екі ел басшыларының қарашадағы уағдаластығы бойынша АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы осы аптада Қытайға сапар шегуі тиіс еді. Бұл әрі лауазымды тұлғаның осы елге жасайтын соңғы алты жылдағы алғашқы іс-сапары болар еді. Сарапшылар да бизнес қауымдастық та кездесуді шиеленісе түскен қарым-қатынасты тұрақтандырудың мүмкіндігі деп бағалаған. Алайда, АҚШ аспанында қалықтаған күдікті шар өзара байланысқа қайта сызат түсіріп, көптің үмітін үзуге шақ қалдырып тұр.
Энтони Блинкен АҚШ Мемлекеттік хатшысы «Қытайдың АҚШ үстімен барлау шарын ұшыру туралы шешімі жауапсыз қадам. Бұл біздің егемендігімізді бұзу, бұл халықаралық құқықты бұзу. Сондықтан кез келген сезімтал ақпаратты, халқымызды қорғау үшін және Қытайға мұндайға жол берілмейтін айқын көрсету үшін осындай іс-қимылға бару өте маңызды болды.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Күдікті шарды америкалықтар екі күн бұрын байқаған. Әскерилер оның нақты Қытайға тиесілі барлау шары екеніне сенімді. Сондықтан кеше Монтана штатында атып түсірмек болды. Алайда, алып шардың қалдықтарды қарапайым халыққа зиян тигізуі мүмкін деп алаңдаған Ақ үй басшысы Джо Байден бұған рұқсат бермесе керек.
Пэт Райдер, Пентагон баспасөз хатшысы:
Солтүстік америкалық аэроғарыштық қорғаныс қолбасшылығы шарды мұқият қадағалап отыр. Аэростат шығысқа қарай жылжып барады және қазіргі уақытта континенттік АҚШ-тың орталығында. Әуе шары жергілікті жұртқа қауіп төндірмейді.
Жалғас Сәдібекұлы, журналист:
Қытай тарапы әуе шарына қатысты ақпаратты анықтап жатырмыз, асығыс шешім шығармайық деп мәлімдеме жасаған. Әрі бұл жел ұшырып әкеткен ауа райын бақылау аппараты болуы мүмкін деген уәж айтқанды. Алайда, оның мақсатты түрде бағытын өзгертуі және әдеттегі жиырма төрт пен отыз жеті шақырым биіктікте емес, он сегіз шақырымдай көкте ұшуы, оның барлау құралы екенінің дәлелі дейді ақш әскерилері. Пентагонның мәліметінше, әуе шары ел аумағында тағы бірнеше күн болуы мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы