Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында тау-жоталардан аққан қарғын су бірнеше елдімекенге қауіп төндірді. Жоғарыдан түскен мол су жайылып, Бесарық пен Кеңес ауылдарына жеткен. Абырой болғанда, дер кезінде арнайы техникалар тартылып, құтқарушылар жағдайды бақылауға алды. Қарт Қаратау етегінде орналасқан елдімекендердегі құтқару жұмыстарын тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп қайтты.
Кешегі жаңбырдан кейін таудағы қар еріп, лезде Кеңес ауылына алапат су келген. Тасқынның алдын алуға алты техника мен құтқарушылар бригадасы шұғыл қимылдап, қарғын суды ауыл маңынан өтетін Тастақсай өзеніне бұрып үлгерген.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Ауыл ішімен өткен қарғын су мынадай ойық жерлерге көл боп жайылып, кейбір үйлердің ауласына дейін енген. Бірақ, үй-жайлар судан аман.
Ауылды судан аман алып қалу үшін тұрғындар да аянып қалмады. Әркім өз көмегін беріп, құтқарушылармен бірге әлі де басы-қасында жүр. Қазір су азайып, қауіп сейілген.
Ербол Жаманбалаев, Кеңес ауылының тұрғыны:
Балалар қаппен құм тастады. Қауіп басылды. Мына медпункті басқан, оның суын айдап тастады. Ең қауіптісі осы еді. Кешелі-бері жүрміз. Зардап шеккен ешкім жоқ.
Мұнан бөлек, тау беткейде Жаманбай батыр, Қыраш, Қосүйеңкі, Бірлік ауылдары да орналасқан. Биыл ылғалдың мол түсуіне байланысты елді мекендерде су басу қаупі жоқ емес. Бірақ, жергілікті әкімдік пен су мамандары жағдай толық бақылауда деп отыр.
Мұрат Тілеуімбетов, Жаңақорған ауданының әкімі:
Бірлік елдімекенінде де 3 миллиондық және 5 миллиондықекі су қоймасын толтыртқызып жатырмыз. Таудан келген судың барлығын сол қоймаларға бұру жөнінде алдын ала жұмыстар жасалынған. Соның арқасында қазір елдімекендерге су келмей, сол су қоймаларына жіберіпжатырмыз.
Жаңақорған ауданын соңғы рет 2014 жылы су басқан. Содан бері тау бөктеріндегі каналдар жүйесі тазартылған. Соның арқасында қарғын суды да шабындық-жайылымдық жерлерге бұрып жіберуге мүмкіндік туып отыр.
Әділбек Серікұлы