Қазақстанда жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Ал 200 мыңдай науқас диспансерлік есепте тұр. Өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққандардың саны да көбейіп келеді. Дәрігерлер дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайтуға болатынын айтады. Әсіресе, уақытылы скринингтік зерттеулер жүргізу аса маңызды.
Кезекті тексеру кезінде Жетісу облысының тұрғыны Анар Князьбековадан сүт безінің қатерлі ісігі анықталған. Абырой болғанда, ақ халаттылар обырдың дер кезінде алдын алып, операция сәтті өткенін айтады. Бірер күн қажетті ем-домын қабылдаған соң үйіне жіберілген.
Анар Князьбекова, Жетісу облысының тұрғыны:
Сондықтан елдің бәріне айтайын дегенім – уақытында емделіп, қаралу керек. Кәсіби мамандарға, медицина қызметкерлеріне жүгіну керек. Өтініштерін білдіру керек. Өз еркімен емделудің қажеті жоқ.
Мамандардың сөзінше, елімізде сүт безі, өкпе және асқазан обыры көп тараған. Республика бойынша обырмен ауыратындардың саны жағынан Абай мен Солтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда. Биыл қатерлі ісікпен күреске мемлекеттік бюджеттен 104 млрд теңге бөлінді.
Диляра Хайдарова, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры:
Соңғы бес жылда қатерлік ісіктен қайтыс болғандар саны 9%-ға азайды. Жыл сайын скринингтік бақылаудан өтудің пайдасы зор. Өйткені обыр бірінші және екінші сатысында анықталса, жеңу оңайға түседі. Сондықтан аурудың алдын алып, тексеріліп тұру маңызды. Барлық диагностика мемлекет есебінен тегін жүргізіледі.
Өкінішке орай, жыл сайын Қазақстанда 14 мыңдай адам осы дерттің асқынуынан көз жұмады. Онколог-дәрігерлер дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтына көшу арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға болатынын айтады.
Қуан Нұрақын