Биыл Жамбыл облысында қызылша алқаптары екі есеге артады. Диқандар көктемде 10 мың гектардан аса қант қызылшасын егуді жоспарлап отыр. Жалпы биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат дәнді-дақыл алқаптарын кеңейтуге және «Халықтың табысын арттыру» пилоттық жобасын іске асыруға жұмсалмақ.
Сәкен Әбітаев былтыр 15 гектар жерге қант қызылшасын еккен. Шаруа биыл мемлекеттік қолдаудың аясында егістік алқабын 60 гектарға дейін ұлғайтты. Дән егілетін жер өңделіп, тыңайтқышы себіліп қойған. Көктемде қожалықтағы 30-дан аса техниканы жұмылдырып, дала жұмысына кіріспек.
Сәкен Әбітаев, диқан:
Былтыр қант қылшасын 15 гектар ектік. Бірақ жақсы өнім алдық. Енді тағы көбейтсек деп отырмыз. Биыл 60 гектарға дейін, мүмкін одан да көбірек егеміз.
Қант зауыттары шаруалардың көпшілігін тұқыммен қамтамасыз етеді. Ортақ келісім бар. Мәселен былтыр жиын-терім нәтижесінде Меркі ауданы гектарына 800 центнер өнім алды. Бұл жоғары көрсеткіш, биыл да шығым мол болады, дейді мамандар.
Нұрғиса Қалғожаев, агроном:
Ағымдағы жылы ауа райының қолайлы болуына байланысты шаруалар істің өнімділігінің жоғары екенін көріп отыр. Бүгінгі күнге егіс алқаптары дайын. Қазір енді ауа райының жылып, топырақтың қызғанын күтіп отыр.
Қант қызылшасына бөлінген субсидияның көлемі артып, шаруаларға үлкен қолдау болды. Енді сатып алынатын тыңайтқыштың 50 пайызын мемлекет өтейді. Ал өнім тасымалына қант зауыты тағы 15 теңге төлейді. Сол себепті диқандар да қант қызылшасын егуге қызығушылық танытып отыр.
Шәкір Момынқұлов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Биыл мемлекет тарапынан берілетін көмек туралы шаруашылықтарға жеткізілді. Мысалы, қант қызылшасын өңдеуші кәсіпорынға өткізген шаруашылықтарға былтыр 15 теңге төленіп келсе, 2023 жылы оны 25 теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.
Жалпы өңірде 770 мың гектар дәнді дақыл егу жоспарланған. Оның ішінде көкөніс, картоп пен қант қызылшасына басымдық берілген.
Нұрдос Болатұлы